Бірлескен күш-жігердің арқасында өткен жылы өзара тауар айналымы 28 пайыз артып, жарты миллиард доллардан асты.
Келіссөздерден соң Қазақстан мен Түрікменстан президенттері ақпарат құралдары үшін өткізген бірлескен брифингіде Қ.Тоқаев осылай деді. Әрі оны таяу келешекте бір миллиард долларға дейін жеткізуге болады деп санайтынын жеткізді. Келіссөздер кезінде энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту де басым міндет ретінде белгіленгенін айтты. Мәселен, Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниет танытып отырғанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде көлік-транзит байланыстарына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Осы ретте елдеріміздің аумағы арқылы өтететін жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде артып келе жатқанын көріп отырмыз. Былтыр елдеріміз арасында теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 20 пайызға артып, 1,5 миллион тоннаға жуықтады.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:
Бүгінгі кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен келешегі, сондай-ақ өзара мүддемізге сай келетін өңірлік және халықаралық саясат мәселелері талқыланды. Екі ел ықпалдастығының нақты бағыттары айқындалды.
Данияр Қайыртай