«Алатау» арнайы экономикалық аймағына инвестор қомақты қаржы құятын болса, салық жеңілдігі қарастырылған. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында осылай деп отыр. Алайда, инвестор тарту үшін инфрақұрылым мен кадр тапшылығы мәселесі болмауы керек. Сапар барысында сенаторлар Қонаев қаласын дамыту және «Алатау» арнайы экономикалық аймағындағы ірі жобалардың жоспарымен танысты. Аймақ құрудағы мақсат – импорт көлемін азайту. Балық өңдеу, тоқыма мен аяқ киім өндірісі сияқты 17 сала дамиды. 171 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Осы ретте сенаторлар бизнес өкілдерімен кездесіп, нысандар мен инфрақұрылым мәселесін талқылап, түрлі ұсыныстар айтты.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Осы жоба бойынша қаржының көлемі, оның шығатын көзі, Үкіметтің қандай үлесі қосылады, қандай үлесі сыртқы инвестициямен тартылады деген мәселелер нақтыланады. Салық жеңілдіктері деген категория бөлінген болатын. 7,15,25 жыл. Сол себепті қай келген инвестор қомақты қаржы салатын болса, соған мемлекет тарапынан салық жеңілдіктері пайдаланылатын болады.
Айдана Қуантхан