Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде қалдырды

11.10.2024

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,25% деңгейінде сақтап қалды. Мұндай шешімге келуге бірнеше фактор түрткі болған. Сыртқы ортадан – әлемдік азық-түлік бағасының шарықтауы мен Ресейдегі инфляцияның жоғары қарқынын айтсақ, ішкі фактордан – коммуналдық қызметтердің реформасы рөл ойнап тұр. Бүгін кезекті рет сақталған базалық мөлшерлеменің деңгейі жыл соңына дейін сақталуы мүмкін.

Елімізде инфляция біртіндеп төмендеп келеді. Алайда, оның қарқыны әлі де баяу. Жыл басында 9,5% болған жылдық инфляцияның деңгейі қыркүйекте 8,3%-ға дейін түсті. Десе де, әлемдік тауар бағасы мен еліміздегі ақылы қызметтердің қымбаттауы инфляциялық қысымды күшейтіп отыр, дейді Тимур Сүлейменов. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жекелеген экспорттаушы елдерде тіпті дәнді дақылдардың да бағасы өскен.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Бұл шешім инфляцияның динамикасын және тәуекелдер балансын ескеріп, қабылданды. Жылдық инфляция шілде айында өскен соң, тамыз-қыркүйек айларында төмендеу үрдісіндегі баяулығын жалғастырды. Инфляция біздің болжамымызға сай қалыптасып келеді. Бірақ, 5 проценттік таргеттен әлі де жоғары болып тұр.

Ал ұстамды ақша-кредит саясаты қаржы нарығын тұрақтандырады, теңгеге деген сенімді күшейтеді, дейді Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, инфляцияның қарқыны тұрақты түрде бәсеңдейтін болса, базалық мөлшерлемені байыппен төмендетуге мүмкіндік береді.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Бүгін біз базалық ставканы өзгеріссіз қалдырдық. Баға өсуі біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын көріп отырмыз. Инфляция 8,3 процентке дейін төмендеді. Бірақ, біздің мақсатымыз оны 5 процентке дейін төмендету. Ол үшін қазір ставканы ұстап тұру қажет. Инфляцияны тұрақты төмен болу халыққа да, бизнеске де тиімді.

Ұлттық банктің инфляция деңгейін 5%-ға дейін түсіруді көздейтін мақсаты бар. Оның қазіргі көрсеткіші өз болжамдарымен сәйкес келетінін сеніммен айтады реттеуші өкілдері. Ақша-кредит шарттарына байыппен қарауға ұмтыламыз деген орталық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі қараша айының соңында қабылданады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу