Келесі жылдан бастап мектептерде стоматология кабинеттері жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, «Сау тіспен - болашаққа» жобасын жүзеге асырмақшы. Бүгінде бірнеше өңірдегі мектептерде арнайы кабинеттер ем жасап жүр. Жаңа жоба жайында тілшіміз тарқатады.
Қазіргі таңда 7 өңірде 98 стоматологиялық кабинет жұмыс істеп тұр. Бір ғана Жамбыл облысындағы 27 мектепте тіс дәрігері бар. Онда ауыз қуысының парадонт, стоматит ауруларын алғашқы сатысында анықтап, емдік шаралар өткізеді.
Сәуле Нұрмағамбетова, Жамбыл облыстық стоматологиялық емханасының терапия бөлімінің меңгерушісі:
ҚР денсаулық сақтау министрлігінің болашаққа сау тіспен жобасы бойынша мектептерде бізде алдын алу шаралары жүргізіледі. Мектептегі тіс дәрігерлерінің мақсаты, тіс жегісі мен олардың асқынулардың алдын алу. Балаларға ауыз қуыс гигиенасына үйрету, тіс щеткасын дұрыс таңдай білуге үйрету.
Дәл осындай кабинеттер келесі жылы 1000-нан асатын оқушысы бар білім ошақтарында ашу жоспарланып отыр. Ал, оқушы саны аз мектептердегі балаларға профилактикалық тексеру көшпелі форматта жүзеге асырылады. Мектептегі кабинеттерде тек колледж бітірген дэнтисттер мен гигиенист дәрігерлер отырады. Олар тіс ауруларының жеңіл түрлері , профилактикалық ем-дом жасайды. Ал күрделі тіс ауруларын емханалардағы стоматологқа жібереді.
Сәуле Есембаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тәуелсіз өкілі, бас тіс дәрігері:
Бұл жоба әзірше 2024-2028 жылға жоспарланып отыр. Үкімет есебінен, яғни МӘМС арқылы қаржыландырылмақ. Бұл көмекпен барлық оқушы қамтылады. Оқу жылының басында барлығы бір тексеруден өтіп, ауру анықталған бала белгіленіп отырады. Өйткені, тісінде проблема бар оқушыны әр 3 ай сайын тексереді.
Жобаның іске асырылуына бірнеше себеп бар. Балалар дұрыс тамақтанбайды. Жұмыстан босамайтын ата-ана көп жағдайда баланың тіс дертіне мән бере бермейді. Кез келген ауруды ерте сатысында анықтаса, оны емдеу әлдеқайда оңай болады дейді мамандар. Әрі тіс ауруларын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік болмақ.
Гүлжан Ермұханова, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ-ның балалар стоматология кафедрасының профессоры:
Өкінішке қарай, елімізде бар, біздің тәжірибеде бар, кездесіп жатады. Тіс жиегіне ұшырайды, оны емдемейді. Тіс жиегі асқынады. Асқынғанда ауру тістен тыс шығып кетеді, жақ сүйекке шығады. Ол іріңдейді дер кезінде қолға алмаса, ол іріңнің тарайтын жерлері көп. Соның арқасында балалар ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатады.
Кабинеттер стомотологияға қажетті жабдықтармен толық қамтылады. Ем-шара тегін жүргізіледі. Айта кетейік, жалпы елімізде 3 млн 900 мыңға жуық оқушы, 8 мыңға жуық мектеп бар. Онда 5800-ден астам медпункт жұмыс істейді.
Динара Жарқынбек