Степногорскта жылу құбырларының 60 %-ы тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногорскта жылу құбырларының 60 %-ы тозған

13.10.2024

Солтүстік аймақта міне, қыс та түсті. Жылу маусымына үкімет «пәшти» дайынбыз дейді. Биыл жылумен қамтамасыз ету шаруасына бюджеттен 93 млрд теңге бөлінген. Жылу құбырларының тозуы ел бойынша орташа 61 процент.

Ал жағдай өте нашар аймақтар бар. Мысалы, ШҚО. Сонымен бірге моноқалалардағы ахуалдың қандай екенін білеміз. Жалпы кәдімгі тіршілікті елестеткенде көз алдыңа «қазақ киносының жаңа толқыны» деген феномен болған суреткерлердің фильмдеріндегідей сұрғылт суреттер келеді.

2022 жылы көктемде Петропавлдағы жылу электр орталығының түтін шығатын 3 трубасының біреуі құлап, үйінді астында машинистің мерт болған еді. Одан кейін тұрғызылған құбыр қисық салынып, қойшы әйтеуір, әлі тұрғызылмады. Осы жағдай жалпы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының көрінісі болар.

Ақмола облысындағы Степногорск қаласына арнайы барған Елдос Есенбол подьезге кіргеннен көп нәрсе аңғарылатын үйлердің неге азаймайтынын бағамдады.

Бұл жағдай Степногорскқа ғана тән емес. Біреулер шірігенді жамап бола алмай жүрсе, енді біреулері барды кәдеге жарата алмай жүр. Әңгіме Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласы туралы.

Шағын қалада 11 миллиард 600 миллион теңгеге жылу қазандығы салынған. Және ол 2019 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ... Биыл да жаңа қазандық қаланы жылытпайды. Әкімдіктегілер: «Қазандықтың қуаты жылумен қаланың жартысын ғана қамтуға жеткілікті. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгізуге мәжбүрміз» деп отыр.

 «Қызығы», мұндай түзетулер 5 жыл бойы жасалып келеді. Содан бері Ақсудың өзінде 4 әкім ауысқан. Ал энергетика сарапшысы Аманкелді Аманғалиев басынан дұрыс қазандық қоймағанын айтады.

Яғни мердігер басқа қазандық орнатып жіберген, қадағалайтындар «көзін жыпылықтатып» отырған...


Хабарламаларға жазылу