Өзбекстанда сел жүру қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда сел жүру қаупі бар

14.10.2024

Ал Өзбекстанның төрт облысында сел жүру қаупі бар. Бұл аймақтарда толассыз жауын-шашын болып, арты төтенше жағдайға ұласуы мүмкін. «Узгидромет» осылай деп хабарлама таратты.

Еліміздің оңтүстігімен іргелес жатқан Ташкент облысының Бостандық, Ахангаран және Паркент аудандарында жиналған жаңбыр суынан тасқын болып, Наманган, Әндіжан мен Ферғана облыстарында да сел жүруі мүмкін. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері тұрғындар мен демалушыларға тауға шықпауды ескертті. Синоптиктер осы аптада Өзбекстанның басым бөлігінде күн күрт суытады деген болжамын да жариялады.

Еске салайық, шілде айында Қырғыз елінің Ош облысымен шектесетін Әндіжан аймағында жауын соңы алапат селге ұласып, екі бірдей көпірді су шайып кеткен еді. Тасқын болған аумақтан 10 жасар шамасындағы қыз баланың мәйіті табылған болатын.

Базаргүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу