Батыс Қазақстан облысында әлі де автогаз тапшы. Жанармай құю бекеттерінде сұйытылған отын талонмен беріліп жатыр. Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылғаннан бері осындай ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Қалада газбен жабдықталған 23 мыңға жуық көлік тіркелген. Бұл былтырғыдан 30% көп.
Жасұлан Шәлиев, қала тұрғыны:
Көріп тұрсыз ғой, қанша машины тұрмыз. Қазір жұмысқа кетуіміз керек, үлгереміз бе, үлгермейміз бе? Біраз жерді аралап келдік осы тұрғанда. Таңертең 8-де шыққаннан аралап жүрміз. Кезек келсе, жасаймыз, болмаса, талонмен деп шығарып жібереді. Сосын кетеміз, амал жоқ.
Ай басынан бері облыс автогазды жергілікті Рожков кен орнынан алып жатыр. Яғни 100% өз өнімі. Алайда көрші өңірде де тапшылық туындағандықтан сұйытылған отынның бір бөлігі Атырауға тасымалданып жатыр. Жалпы облыс айына 4-4,5 мың тонна автогаз тұтынады. Қазір өңірге тек 3 500 тонна отын шектеумен беріліп жатыр.
Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
Біз қазір Атырау облысына да газ беріп отырмыз. Қазақстан - бір. «Мынау біздің газымыз» деп, ешкімге бермей отыра алмаймыз және ондай мүдделі орган емеспіз, олай істей алмаймыз. Сәйкесінше бір зауыт тоқтағанда, басқа зауыт оның орнын жабу керек. Тек қана біздің өңір емес, басқалар да солай. Осы айдың 25-іне дейін газ тапшылығы болуы мүмкін.
Ардақ Мұратқызы