Мектеп директоры мыңнан аса оқушының атын жатқа біледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп директоры мыңнан аса оқушының атын жатқа біледі

14.10.2024

Астанада мектеп директоры 1500-ден астам оқушының аты-жөнін жатқа біледі екен. Ал тағы бір білім ордасында үйдің тұңғыштары бөлек оқиды. Отбасыда бірінші туған 100-ден астам баланың бір сыныпта оқуы кездейсоқтық па әлде жоспарлы түрде жасалған жоба ма?

Әр оқушының оқу үлгерімін жеке-жеке тескеру №104 орта мектеп директоры Нұртас Жағабаевтың әдеті. Одан қалды таңмен таласып балаларды мектеп босағасынан өзі қарсы алады. Сондай-ақ, қолы қалт етсе ұл-қыздармен асық, үстел теннисін ойнайды. Ең таңғаларлығы мектепте білім алып жатқан 1700 оқушының аты-жөнін жатқа біледі.

Нұртас Жағабаев, қалалық №104 орта мектептің директоры:

Бізде күнделікті оқушы келуіне байланысты жаңадан келген оқушылардың жеке іс парақтарына қарап 100 пайыз жаттап алуға тырысып жатырмыз. Әр оқушыға атын айтып қарсы алып жатқсаң мектепті оны күтіп отырғанын, мектепте оның оқығанын қалайтынын, мектепке шақырып отырғанымызды біледі және келеді.

Оқушылар да директорының өздеріне көрсеткен ізетіне дән риза.

Сабақтан тыс уақыттарда да оқушылар назардан тыс қалмайды. Қызықты қоңырау, сергіту сәттері ұйымдастырылады. Бұл кезде де директор білім алушылардың арасынан табылады екен.

Тұңғыштар бөлек оқитын мектеп

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ал мына Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп гимназиясында ерекше сыныптар ашылған. Мұнда төрт бірдей бастауыш сыныпта тек үйдің тұңғыштары оқиды. Яғни, білім ошағы кілең отбасыда бірінші туған балаларды жинап тәлім беріп жатыр.

Абайдың өлеңдерін тақылдап жатқа айтып тұрған бұл оқушылардың әрқайсысы әр үйдің тұңғыштары, еркелері мен серкелері. Оқу ордасы басшыларының айтуынша, мектеп тарихында алғаш рет түгел бастауыш сыныптар әр отбасының тұңғыш балаларынан жасақталыпты. Оның себебі мынадай:

Айнұр Жұмағанбетова, қалалық №87 орта мектеп директорының орынбасары:

Бізге Елорда ардагерлер кеңесінен ұсыныс түсті. Мүмкін біз тұңғыштарды бір сыныпқа жинармыз деген. Үміт артатын, төл басы тұңғышына бата жаттату, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, салт-дәстүрді сақтай алған азамат-азаматшалар өсірсек деген ниет болды. Биылғы жылы 4 сыныпты тек тұңғыштар оқитын сынып қылып жүзеге асырдық.

Бұл шешімді ата-аналар да қуана құптаған.

Иә, мектеп ұжымының мақсаты да осы. Әр үйдің тұңғышының бойына адами қасиеттер мен патриотизмді сіңіру. Өйткені ағайындылардың мінез құлқына үйдегі үлкен перзенттің көрсеткен өнегісі үлкен әсер етеді деген тәмсіл бар.


Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу