Батыс Қазақстан облысында автогаз тек талонмен беріліп жатыр. Жиырма күннен бері сұйытылған отын тапшылығы байқалады. Жанармай құю бекеттерінде жүргізушілер ұзын-сонар кезекте тұр. Мәселе қашан, қалай шешіледі? Әріптесім Ардақ Мұратқызы анықтап көрді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бұл – автогаз құю стансасында қалыптасқан кезек. Кемінде 50 шақты көлік қаңтарылып тұр. Қаланың көп бекетінде газ жоқ, ал барында тек шектеулі көлемде, талонмен беріліп жатыр.
Шаһардағы газ тапшылығы ай басында Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылғаннан бұрын туындады. Сол кезде жергілікті билік «қазанның 1-інен бастап жергілікті Рожков кен орнындағы газды тұтынамыз, өңірді 100% өз газымызбен қамтимыз» деп уәде берген еді. Алайда...
Седелхан Жиреншиев, қала тұрғыны:
4 сағат болды тұрғанымызға. Сенбі-жексенбіде еш жерде болған жоқ.
Ал кейбір бекеттерде кассирлер автогазды тек шоколад пен сусын алған тұтынушыларға өткізіп жатыр. Бұл жеке кәсіп иелерінің акциялары болғандықтан, жауапты органдар шара қолдануға қауқарсыз. Жалпы облыс айына 4-4500 тонна автогаз тұтынады. Қазір өңірге тек 3500 тонна отын шектеумен беріліп жатыр. Аймақта газбен жабдықталған көлік саны былтырғыға қарағанда 30%-ға артқан.
Шыңғыс Ілиясов, ҚР Энергетика министрлігінің ресми өкілі:
Тапшылық себебі - автокөліктердің сұйытылған газға күрт ауысуы. Сұйытылған газды тұтыну ай сайын 164 мыңды құрайды елімізде. Ал министрлік 140 мың тонна газды бөлуде. Балайша айтқанда, 20-25% тапшылықты құрап отыр.
Бұрын облыс автогазды Атыраудан алып келсе, енді керісінше, отын жергілікті зауыттан көрші өңірге тасымалданып жатыр. Жауапты министрлік қазанның 25-іне қарай Атырау мұнай өңдеу зауыты қайта іске қосылған соң, шектеу алынып, жағдай қалпына келетінін жеткізді.
Ардақ Мұратқызы