Павлодарда егін орағы аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда егін орағы аяқталуға жақын

14.10.2024

Павлодарда егін орағы аяқталуға жақын. Биыл дихандар қамбаға 1 млн 114 мың тонна астық құйды. Бұл былтырғыға қарағанда үш есе көп. Ендігі мәселе жиналған өнімді өткізу. Себебі, бидай сапасы төмен. Басым бөлігі 4-ші және 5-ші сұрыпты.

Астықты аудан – Ертісте орақтың соңғы күндері жүріп жатыр. «Талапкер» шаруа қожалығы 20 мың гектар жерге егін салған. Биыл дән жинау жұмыстары созылып барады. Себебі, тамыздың аяғы мен қыркүйектің ортасына дейін жауын көз аштырған жоқ.

Аманкелді Бейсенбинов, «Талапкер» шаруа қожалығының басшысы:

Қиын болды, 1 ай тұрдық қой. Қазір жақсы болып отыр. Қазір қарамаймыз бидайды. 18-19 ылғалдылығымен алып отырмыз.

Қайрат Құсайынов, «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы:

Бізде кептіретін жер жоқ. Болашақта сатып алу керек. Элеваторға тасып жатырмыз. Осы жерден 160 шақырым. Басқа амал жоқ. Су бидайды ешкім алмайды.

Бүгінге дейін элеваторларға 48 мың тонна бидай түсіпті. Оның 21 мың тоннасы үшінші сұрыпты, қамырлылығы жоғары бидай. Ал, 20 мың тоннасы сұрыптау стандартына келмейді. Яғни, сапа жоқ.

Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:

Тамыз айындағы толассыз жауған жаңбырдан соң көк қаулап егін сапасын бүлдіріп жіберді. Бүгінгі күні жинаған өнімді өткізе алмай отырмыз. Сапасыз бидайды ешкім алмайды. Сондықтан ендігі үміт майлы дақылдарда. Қазір күнбағысты тезірек жинап алуды ойлап отырмыз. Өйткені, қаржы институттары алдында берешегіміз бар.

Әзірге облыста биылғы егіннің нақты қанша пайызы сапасыз екендігі белгісіз. Ал, әбден пісіп жетілген қызыл бидайдың өзіне баға төмен. Трейдерлер 70 мың теңгеден алып жатыр. Бұл азық-түлік корпорациясының қамырлылығы 21 пайыз 4-ші сұрыпты бидайға белгілеген бағасымен пара-пар. Мемлекет 3-ші сұрыпты бидайды қамырлылығы 27 пайыздан асса 100 мың теңгеден алады.


Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу