Израильдің шабуылдарынан БҰҰ бітімгер күштерінің 5 жауынгері жараланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израильдің шабуылдарынан БҰҰ бітімгер күштерінің 5 жауынгері жараланды

14.10.2024

Ливандық «Хезболла» қарулы тобы Израильдің Хайфа қаласына дронмен соққы беріп, 4 жауынгерді мерт қылды. Тағы 50 шақты сарбаз жараланған. Ал Израильдің шабуылдарынан Ливанда тағы 51 адам қаза тауып, құрбандардың жалпы саны 2300-ден асып отыр. Айта кетсек, былтыр Газада соғыс басталғалы «Хезболла» Израильдің солтүстігіне мыңдаған зымыран атты. Сол шабуылды тоқтату үшін өткен айда Израиль Ливанның оңтүстігінде әскери операция бастады. Екі жақ арасындағы шайқастан Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгер күштері де зардап шегіп жатыр.

Өткен айдың соңында Израиль Ливанның оңтүстігіне жаяу әскер кіргізді. Содан кейін Ливанда Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік күштері UNIFIL-дің бес жауынгері жараланған. Халықаралық миссия өкілдерінің сөзінше, Израиль танктері тіпті шетелдік контингент орналасқан базалардың біріне басып кіріп, Накура қаласындағы штаб-пәтерін атқылаған. Бұл шабуылдардан бақылау мұнарасы құлап, камералар істен шығыпты.

Андреа Тененти, БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің (UNIFIL) баспасөз хатшысы:

Анығын айтсақ, бұл – соңғы 12 айда біз куә болған ең үлкен оқиға. Кейінгі 12 айда талай рет оқ атылды. Бірақ кеше позицияларымыздың біріне танкімен соққы берілді. Ол – Накубадағы штаб-пәтеріміз.

Израиль жағы БҰҰ бітімгер әскерінің позицияларына шабуыл жасалғанына өкішін білдіріп, оқиғаны жоғары деңгейде тергеп жатқанын мәлімдеді. Және де Израиль өз армиясының тек «Хезболла» жасақтарын нысанаға алғанын хабарлап отыр. Тағы бір сөзінде Израиль премьер-министрі бітімгер күштерді соғыс жүріп жатқан аудандардан көшуге шақырды.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-Министрі:

Бас хатшы мырза, UNIFIL күштерін қауіпті жерден әкетіңізші. Бұған қазір кірісіп, дереу көшірcеңіз дұрыс болады.

Ливанда Біріккен Ұлттар Ұйымы уақытша күштерінің құрамында 50 шақты елден 10 мыңдай жауынгер қызмет етіп жатыр. Бұл мисиия 1978 жылы құрылып, сол жылы Ливанға басып кірген Израиль армиясының елден шығарылуын қадағалады. Ал 2006 жылы Ливан мен Израиль тағы соғысты. Содан кейін UNIFIL Біріккен Ұлттар Ұйымының осы соғысты аяқтаған қарары талаптарының орындалуын қадағалап, екі ел шекарасында патруль жүргізуге кіріскен еді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу