Қарағанды облысына қарасты Саран қаласының су жаңа жылу орталығы сыр беріп, 80-ге жуық үй жылусыз қалды. 13 жылға созылып, әзер аяқталған жылу желісі әлі қалыпты күйіне жетпеген. Қазір үйлер қосымша желілік қазандықтарға қосылды.
Қанша жыл бойы орталық жылыту жүйесін армандап келген Сарандықтардың қуанышы су сепкендей басылды. Бүгінде 77 үй әлі де жылусыз отыр. Қазір пәтерлер салқын, тұрғындар электр жылытқыш қосуға мәжбүр.
Людмила Костюк, Саран қаласының тұрғыны:
Алда қыс келе жатыр. Ал бізде әлі жылу жоқ. Үй суық. Бұнын бәрін болдырмай алдын ала дайындап қоюы керек еді. Қыс келсе не боламыз?
Жаңа қазандық қажетті температураға жеткен соң барлық үйге жылу берілуі тиіс. Жалпы қала бойынша орталық қазандыққа 168 көпқабатты үй жалғанған. Оның 91-і желілік қазандықтармен амалдаса, қалғандарына бүгін жылу беріледі деп сендірді.
Еркін Баулықов, Саран қаласының әкімі:
Орталық қазандық жұмыс істеп тұр. Режимдік жұмысына шығайын деп жатыр. Критичный жағдай емес. Бұл – жаңадан салынған қазандық, жаңа қондырғылар, бүкіл мамандар бар. Бізге қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп жатыр.
Жандос Бақытұлы