Петропавлда да бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары әлі күнге жылусыз отыр.
Биыл теріскейде күн әдеттегіден ерте суытты. Шаһарда жылыту маусымы қыркүйек айының соңында басталған. Қазір ауа температурасы кей аудандарда -15 градусқа дейін төмендеп тұр. Жылуы жоқ үйлердің иелері электр қуатымен жұмыс істейтін жылытқыш құралдардың көмегімен күнелтуде.
Татьяна Гурьянова, қала тұрғыны:
Қазір электр қуатын жиі пайдаланып отырмыз. Төлейтін ақшамыз көбейіп шыға келетіні анық. Әсіресе балаларға қиын соғып тұр. Түнде қалың киіммен ұйықтаймыз. Қалалық әкімдікке хабарластық, әзірге жауап жоқ.
Облыс орталығында 1200-ге жуық көпқабатты баспана бар. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір жылусыз отырған үйлердің тұрғындары қыс мезгіліне дер кезінде қамданбаған.
Әсем Айтолла, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
Жылыту маусымына дайындықты өздері жасауы керек еді. Бірақ олар уақытылы жұмыстарды жасамағандықтан, жылу ең соңғы болып қосылады. Және де ПТС-қа олар жылу қосу туралы заявка да жібермеген.
Эльмира Кәленова