Бүгінде Қытай мен Орталық Азиядан Еуропаға тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы тасымалданады. Жүк тасымалдаудың ең қысқа жолы – Маңғыстаудағы Құрық порты арқылы өтетін «Орта дәліз» бағыты. Аталған маршрут бойынша биылдың өзінде 1 млн 600 мың тонна жүк өңделіп, жөнелтілген.
Орта дәліз – Транскаспий халықаралық көлік бағытының бір тармағы. Ол арқылы Қытай, Орта Азия елдерінен шыққан жүк Құрық және Ақтау портымен Әзербайжан, Грузия, Түркия одан әрі Еуропа елдеріне жеткізіледі. Құрық порты осы бағыт бойынша 2017-жылдан бері 10 миллион тоннадан астам жүк өткізген. Соңғы жылдарда вагонмен тасымалданатын жүктерге қоса, автокөлік тасымалы қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде былтыр Құрық порты 2 млн тоннадан аса жүк өңдеп, бұрын соңды болмаған көрсеткішке қол жеткізді.
Бақыткерей Әлібеков, Құрық порты бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары:
Солтүстік пен оңтүстік дәліздерге қарағанда қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты қазір Орта дәліздің маңызы өте артып келе жатыр. Жылдан жылға мына көлік айналымы да өсіп келе жатыр. Осы 2024-жылы бүгінгі таңына келгенде қазіргі таңда 18 мың көлік өңдеп, қабылдап жіберіп тастадық.
Құрық портына Әзербайжан елінің 15 паромы кезек-кезегімен келіп тұрады. Ауа-райына байланысты порт күніне 1-ден 5 кемеге дейін қабылдауға қауқарлы. Паромдарды айлаққа орналастырудың өзі жұмыс. Оны теңізшілер атқарады. Бұл жұмысқа кеменің көлеміне қарай он шақты жағалау матросы жұмылдырылады.
Ерлан Ыбырай, жағалау матросы:
Осы айлаққа келген кемелерді бекітіп, мына арқандармен орнына бекітіп қою. Ертеңгісінде ішінен шыққан жүктерге кедергі жасамау. Мына ауа райына сәйкес бүгін енді кішкене жеңілдеу, азғантай арқанмен тартып жатырмыз. Ал толқын күндері бекіту үшін ішінде темірден тросы бар басқа да мықтылау арқандармен бекітеміз.
Портта 130-дан астам маман еңбек етеді. Оның 60 пайызы жергілікті тұрғындар. Солардың бірі – порт диспечері Қуандық Құсайынов. Ол паромдардың айлаққа кіруін ұйымдастырып, жүктерді түгендейді.
Қуандық Құсайынов, порт диспетчері:
Паром шетелдік болғаннан кейін келіп тұрған вагонды Қазақстан аумағына өткізу үшін біз күрделі түрде тексереміз. Документтерін қабылдаймыз. Әр құзырлы орган өздері тарапынан өздерінің жұмыстарын атқарады.
Құрық портында биыл жүк тасымалын 2 млн 300 мың тоннаға жеткізу көзделген. Бүгінде соның 1 млн 600 мың тоннасы өңделіп, жөнелтілді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Порт аумағында жүзеге асып жатқан ірі жоба ол Астық терминалы. Оның құрылысы толық аяқталған, қондырғыларын сынақтан өткізіп жатыр. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан өңірінің астығын қабылдауда. Жоспар бойынша бидайдың алғашқы партиясы осы айдың соңында жөнелтілмек.
Астық терминалы арқылы жылына 1 млн тонна бидай тасымалдау жоспарланған. Порт басшылығы үшінші айлақты генералдық жүктер қабылдайтын айлаққа айналдыруды көздейді. Ол арқылы тағы 500 мың тонна жүк тасымалданбақ.
Аягөз Оралбайқызы