Сондай-ақ, бүгін көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл. Ол 1924 жылы 15 қазанда өмірге келген. Жазушының мерейтойына орай, 10-шы ақпан мен 31-ші наурыз аралығында Республикалық шығармашылық байқау жарияланды. Конкурсқа еліміздің әр өңірінен 5-ші, 10-шы сынып аралығындағы 200-ге жуық оқушы қатысты. Бүгін жеңімпаздар марапатталып, қаржылай сыйақыға ие болды. Мақсат, «Қаламгердің шығармашылығын насихаттап, артында қалған әдеби мұраларын жаңғырту», - дейді ұйымдастырушылар.
Гүлнұр Келісқызы, Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:
Үздік әдеби шығармалар байқауының басты мақсаты жастар арасында, мектеп оқушылары арасында Б. Соқпақбаевтың өнерін, өмірін, ол кісінің жазу стилін бойларына сіңіру, өмірі мен шығырмашылығына терең үңілу, насихаттау басты мақсат болып табылады.
Әмір Арсланұлы, байқау жүлдегері:
Бұл конкурстан жүлделі екінші орын алдым. Бұл туындымның аты «СапарLike» деп аталады. Туындымның жанры әңгіме. Қожа мен Сұлтанның бір-біріне деген достығы және де Қожаның Сұлтанның сабаққа деген қызығушылығын ашуы. Мен бұл туындыны 14 күнде жаздым.
Қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қарымды қаламгердің 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптары жарық көрген. Олардың қатарында «Он алты жасар чемпион» повесі де бар.
Биыл «Қазақстан» телерадикорпорациясы қаламгердің 100 жылдығына орай дәл осы «Он алты жасар чемпион» повесін экранизациялады. 4 бөлімді телехикаяны 19-шы, 20-шы қазан күндері, сағат 15:00-де Ұлттық арнадан көре аласыздар.
Серік Жұмабек