Сәкен Сейфуллин музейі тағы бір жәдігермен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәкен Сейфуллин музейі тағы бір жәдігермен толықты

15.10.2024

Бүгін ақын, қоғам, мемлекет қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына - 130 жыл. Осы ретте, Астанадағы музейі тағы бір құнды жәдігермен толықты. Сондай-ақ қоғам қайраткерінің шығармалары мен оған қатысты мақалалар жинағанынан тұратын кітаптар сериясының оныншы томы жарық көрді. Бұл туралы тарихшылармен тілдесіп, музейге экскурсия жасап келген тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Біз қазір Сәкен Сейфуллин музейіндеміз. Жуырда ғана мұражай ақын, жазушы һәм қоғам қайраткеріне қатысты құнды жәдігермен толығыпты. Осы бір екі ғасырға жуық тарихы бар маңзды нысанға келуіміздегі мақсатымыз сол құнды жәдігерді көзбен көру.

Қолшатыр, сәнді костюм мен франция әтірі және алтын қалта сағаты. Мұражайдағы осы аталған заттарға қарап Сәкен Сейфуллинның талғампаз болғанын аңғаруға болады. Сонымен қатар қоғам қайраткері кофеге әуес болған екен.

Зере Қуаныш, Сәкен Сейфуллин музейінің экскурсия жүргізушісі:

Жақында музейімізге осындай құнды экспонатпен келіп түсті. Бұл кофе ұнтақтағыш. 1927-28 жылдары Сәке Сейфуллин Қызылорда институтының ректоры болған кезде қолданған. Музейімізге ақын, драматург, актер Қанат Жүнісов Сәкен Сефулиннің 130 жылдығына орай сыйға тартқан еді.

Мұражайда қазір 7 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 500-і Сәкен Сефуллиннің жеке заттары. Олардың арасынан жазушының шығармалары мен оған қатысты мақалалар жинағанынан тұратын кітаптар сериясының оныншы томы да орын тепкен.

Марат Әбсеметов, Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, тарих ғ.д., профессор:

Кітаптың бірінші бөліміне әдеби мақалаларын, фальклорын, музыкалық мұрасын бердік. Содан кейін ол кісі үкімет басқарғанда экономика, транспорт, ауыл шаруашылығы, кеден туралы жазған қаулылары бар екен. Солар қамтылды. Соңғы томда естеліктер.

Сондай-ақ жуырда музей қызметкерлері Алматыдағы «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архивінен» 1918 жылы абақты отырған Сәкеннің елге деген сағынышынан туған «Сарыарқа» күйін тапқан. Күйді орындаған әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбайұлы. Ол күйді 1964 жылы Қазақ радиосының алтын қорына тапсырған.

Соңына өшпес мұра қалдырған Сәкен Сейфуллин 1937 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, абақтыға қамалды. 1938 жылы Алматы маңында атылды деген дерек бар. Ақынның рухына тағзым етіп, туғанына 130 толуына орай музей қызметкерлері биыл 50-ден аса түрлі деңгейдегі шаралар өткізіпті.


Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу