Интернет алаяқтар енді ата-аналарға балалары арқылы кибер шабуыл жасауға көшкен. Азаматтардың жеке деректерін ұрлау үшін алдымен балаға сосын әке-шешесіне СМС хабарлама жіберді. Егер, құпия сөзді айтқан жағдайда, әккілер несие рәсімдеп алуы мүмкін. Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, әр отбасыда, мектепте кибермәдениет пен кибергигиена қалыптасуы керек. Бұдан бөлек, Қызылорда облысы мен Алматы қаласындағы екі балабақшада кейбір ата-ананың келісімінсіз балаларының биометриялық деректерін заңсыз жинау дерегі де тіркелген. Кінәлілер анықталып, әкімшілік іс қозғалып 332 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Үмітжан Арықбекова, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
Бұл тексерістерді ата-аналардың өтініштерін қарастыра келе, осы тексерістерді аштық. Қазір алаяқтар көп. Егер де баланың барлық жеке мәліметтер базасы таралып кеткен жағдайда ол жерде тек баланыңкі ғана емес ата-анасының да жеке мәліметтері болуы мүмкін. Ол қандай да бір алаяқтық жолда жолданылуы мүмкін.
Жауапты министрлік жеке деректердің таралуына жол бермеу үшін «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодекске өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл жауапкершілік мерзімін және заң бұзатындарға салынатын айыппұлды үш есеге көбейтуді көздейді. Сондай-ақ, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтін рұқсатсыз пайдалануға жауапкершілік енгізу де жоспарланып отыр.
Асылбек Данияр