Шағын несие үшін айыпақы өндіруге тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын несие үшін айыпақы өндіруге тыйым салынады

16.10.2024

Енді елімізде шағын несие үшін айыпақы өндіруге тыйым салынады. Мәжіліс қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол Мемлекет басшысының банк секторындағы рұқсат беру талаптарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленген. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатымен депутаттар азаматтарға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына қосымша шаралар қабылдады. Бұл санаттағы тұлғаларға несиелер мен микрокредиттер бойынша қарыздары кемінде үш ай мерзімге міндетті түрде кейінге қалдырылатын болады. Сондай-ақ қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін мүгедектерге кедергісіз әрі қолайлы жағдай жасау талаптары енгізілді.

Ерлан Стамбеков, Мәжіліс депутаты:

Несие бойынша ай сайынғы төлемді 50 пайызға және одан да көп мөлшерге төмендету ұсынылып отыр. Банк несиелерін мерзімінен бұрын өтеу үшін айыпақы өндіріп алу алынып тасталды. Шағын несиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салынады. Ал қарыз алушыларға жүктемені азайту үшін банктік несие немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының ең жоғары мөлшері 10 пайызға дейін белгіленеді.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу