Биыл 12 мыңға жуық қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Қаражат зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істегендерге төленеді. Өтініштердің басым бөлігі Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Төлемді алу үшін жұмысшы келесі талаптарға сәйкес келуі тиіс. Біріншіден, зиянды жұмыс орнында кем дегенде 7 жыл еңбек етуі керек. Екіншіден, жасы 55-ке толуы шарт. Үшіншіден, жұмыс беруші өз есебінен оған 7 жыл бойы зейнетақы қорына кәсіптік зейнетақы жарналарын аударып тұруы қажет. Ақша зейнеткерлік жасқа дейін төленеді. Қаражаттың орташа мөлшері 200 мың теңгеден асады. Ал әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері зейнетақы қорындағы жинақтарына байланысты болады.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеген адамдарға арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген болатын.
Самал Қабышева