Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында минералды су өндіретін зауыт іске қосылды. Өндіріс облыс прокурорларының инвесторларды қолдау жобасының нәтижесінде жүзеге асты. Өйткені кәсіпкер ісін кеңейту үшін аудан әкімдігінен ұзақ уақыт қосымша жер телімін ала алмаған. Мұнда сағатына 5 мың дана емдік су шығарылады. Инвестор әрі қарай шырын, тәтті сусындар өндіріп, кәсібін кеңейткісі келеді. Жоба құны - 2 миллиард теңге. Облыс прокурорлары арнайы бағдарлама аясында инвесторларды бюрократия, негізсіз айыппұл мен салық, сот созбалаңынан қорғайды. Инвестициялық жобаны әкімшілік кедергілерден арылтады. Биыл 9 жоба қаралып, барлығына оң шешім берілді. Солардың төртеуі нақты жүзеге асты.
Артур Шоқпанов, облыс прокурорының аға көмекшісі:
Осы инвестордың сұранысы бойынша сұратуы қанағаттандырылды. Бүгінгі таңда оған тиісті жер учаскесі беріліп, ол өзінің жұмысын жүзеге асырып жатыр. Бұл жобамен қоса басқа да жобалар біздің фронт-офис аясында қарастырылған болатын. Инвесторлар бізге қандай да болмасын проблемалық мәселелерімен жүгіне алады.
Ардақ Мұратқызы