Елімізде соңғы сегіз айда 329 мың тонна нан, 2 млн тонна ұн өндірілді. Бұл ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеді. Ал экспорт көлемі бойынша еліміз әлемде жетекші орынға ие, - дейді ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері. Нан өндірісі жылдан жылға артып келеді.
Бүгін – Дүниежүзілік нан күніне орай, әріптесім Алматыдағы кәсіпорынның жұмысымен танысып қайтты. Наубайшылардың бір күні қалай өтеді? Айдана Қуантханның материалында.
Әлия електен өткен 65 келі ұнды илеуге әзірлеп жатыр. Сапалы әрі дәмді нан пісіру үшін қамырдың иі қануы керек. Оған он минут уақыт жеткілікті. Он жылдан бері наубайханада қамыр илеуші болып жұмыс істейтін Әлия нан құрамын өлшеп қосады...
Әлия Досжанова, қамыр илеуші:
4-5 градус сумен илеп жатырмын. Кішкене суы аздау болып тұр, тағы да құйдым. Бес келі қант, 800 грамм ашықты, 1 келі майы бар. Қазірге 500 штук шығарып жатырмын, ал түнде 3000-3500 штук нан шығарамыз.
Кәсіпорында үш цех бар. Әрқайсысы заманауи технологиялармен жабдықталған. Ал мұндағы технологтар, әсіресе, қалыпқа құйылатын қамырдың салмағына жіті назар аударады. Мәселен, әлеуметтік бөлке нанның салмағы 594-604 граммнан кем болмауы тиіс. Оны пішінге келтіріп, көлем беру үшін 1 сағат 40 градус температурада ұстайды.
Надира Қалабаева, инженер-технолог:
Арнайы бөлек цехымыз бар. Ашытқы цех. Сол жерде ашытқысын түгел дайындап, үлкен-үлкен ыдыстарға құйып, дайындап береді. Бізде сол әр цехта заявкасына байланысты алып, қосып, нанды жасайды. Әрбір ашытқының қышқылдығын, ылғалдылығын күнінен 3-4 мәрте қадағалап, тексеруден өткіземіз.
Кәсіпорын талғамы ерек тұтынушыларға арнап диеталық нан өнімдері мен тәтті тоқаштар да пісіреді. Қазір наубайхана Алматының 80 пайызын ас атасымен қамтып отыр.
Айдана Қуантхан, тілші:
Мен тұрған цехта күніне 40 тонна өнім шығарылады. Қамырды илеп, оны пісіру үшін екі сағат уақыт кетеді. Пештен жаңа шыққан нанның дәмі тіл үйіреді. Осындай балғын, ыстық күйінде дүкен сөрелеріне бірден жіберіледі.
Айдана Қуантхан