Темір жолдың бойында қараусыз жүрген үй жануарлары пойыз қозғалысына қауіп төндіріп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Темір жолдың бойында қараусыз жүрген үй жануарлары пойыз қозғалысына қауіп төндіріп тұр

16.10.2024

Темір жолдың бойында қараусыз жүрген үй жануарлары пойыз қозғалысына қауіп төндіріп тұр. Биылдың өзінде локомотив бригадалары жолда тұрған малды басып кетпеу үшін тежегішті екі мың рет шұғыл басқан. "Мұндай жағдай көбіне Атырау, Қарағанды, Маңғыстау облысында болады", - дейді Қазақстан темір жолы компаниясының өкілдері.

Жол бойында жайылып, рельсті осылай қиып өтетін жануарлар адам өміріне қауіп төндіреді. Локомотив зақымданып, жол да бүлінеді. Жолаушы сапарынан қалады, тиелген жүк діттеген жеріне уақытылы жетпейді. Осындай оқиғалардың алдын алу үшін көптеген іс-шаралар атқарылады. Бірақ мал иелері біздің ескертулерімізді көп елей бермейді, - дейді компания өкілдері.

Серік Айқынбеков, «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желі дирекциясы филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры:

Теміржолшылар қазір көптеген профилактикалық жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, біз жыл сайын мыңдаған шақырым жолдың жанына қоршау тұрғызамыз. Бірақ, мұның пайдасы болып жатыр деп толық сенімділікпен айта алмаймыз. Неліктен? Өйткені, жергілікті тұрғындар біздің ғимараттар мен қоршауларды бұзып кетеді. Салдарынан бос жүрген малдар темір жолға шығып кетеді.

Дегенмен, алдын алу жұмыстары тоқтаған емес. Теміржолшылар жол торабында орналасқан елді мекендердің тұрғындарымен жиі кездесу ұйыдастырып, мал жаюға болмайтынын ескертіп отырады.

Серік Айқынбеков, «ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдық желі дирекциясы филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры:

Биыл 1400 жиналыс өткіздік. Оған 34 мыңға жуық адам қатысты. 54 мыңнан астам мал иесі мал жаю және темір жол арқылы мал айдау ережелерімен танысты. 50 мыңнан астам адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте көзделген жауапкершілік туралы көшірме үзіндісін алды.


Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу