Түркістан облысы, Леңгір қаласында осыдан бір ай бұрын шатыры жанып кеткен көпқабатты үйдің тұрғындары нөсер жауыннан кейін баспаналарына кіре алмай қалды. Әкімдік шатырды жөндеп береміз дегенмен жұмыс аяқталмады.
Салтанатта кешеден бері ұйқы жоқ. Жаңбыр жауа бастағаннан шатырға полиэтилен төсегенімен қорған бола алмады. Үйдегі жасау жиһаз да, киім-кешек те суда қалды. Шиеттей жеті бала-шағаны бірін төркініне, енді бірін ағайын туыстарының үйіне әрең апарып үлгерді.
Салтанат Төлежаппарова, Леңгір қаласының тұрғыны:
Дүниеміздің бәрін шығарып тастадым. Жарамайды. Су көлкіп жатыр. Бала-шағаны жан-жаққа тараттым.
Таңертең жауын тоқтағанымен 5 қабатты үйдегі жанұшырған қарбалас әрекет әлі біткен жоқ. Тұрғындар ыдыс-аяғын көтеріп, төбеге жиналған суды ағызумен әлек. Жарық сөнген. Шатыр жабылмаған күйі әлі жайрап жатыр.
Ақмарал Тұрғанбаева, Леңгір қаласының тұрғыны:
Отыз үшінші күн өртенгеніне. Содан бері нәйеті 20 пәтерлі бір үйдің шатырын жаба алмай отыр. Төле би ауданының әкімдігінен көрерімді білмеймін, не Құдайдан көрерімді білмеймін. Бәріміз сандалып көшеде жүрміз. Кімнің үйіне сыямыз мына заманда.
Тұрғын үй осыдан үш жыл бұрын баспана кезегінде тұрған көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларға берілген еді. Қыркүйектегі өрттен кейін қала әкімдігі он күнге жеткізбей шатырды бүтіндеп береміз деген. Бірақ жұмыс әлі бітетін емес.
Мақсат Жұмабаев, Леңгір қаласының әкімі:
5 қабатта су өткен 4 үй бар. Сол үйге демеушілер есебінен жөндеп беруге жұмыс жасап жатырмыз. Оны ендігі апта бастаймыз. Алдымен төбесін жауып бітіп аламыз. Төбесін біткен соң ендігі апта жөндеуге кірісеміз.
Баспанасыз қалған отбасыларға жергілікті билік уақытша колледж жатақханасынан орын бөліп отыр. Алайда онда асхана болмағандықтан тұрғындардың барғысы жоқ.
Ғани Қалмаханов