Күн суытқалы Өскеменде электр энергиясының тапшылығы байқала бастады. Әсіресе қаланың сол жағалауында бой көтерген шағын аудандар жиі жарықсыз қалады. Тек биылдың өзінде 17 рет сөнген. Жазда облыс орталығы 350 мегаватт электр қуатын тұтынса, бұл көрсеткіш қыста екі есе өседі. Тығырықтан шығу үшін қалада қосалқы 2 станция салынып жатыр. Бірақ бұл да мәселені түбегейлі шешпейді. Өйткені Өскеменнің сол жағалауында тоғыз шағын аудан бой көтеріп келеді. Қазірдің өзінде оннан аса көпқабатты тұрғын үй салынған. Бұл баспаналарда 6 мың абонент электр желісіне қосылады.
Ерболат Әлпиев, электр энергиямен қамту компаниясының директоры:
19-микрорайондарда үлкен этажды үйлерді қосу үшін кем дегенде 15-20 мегаватт электр энергиясы қажет. Ол бүгінгі таңда әзірге бізде жетпейді.
Жетпейтін энергия көзін қазір мамандар қосалқы станцияларды жөндеу арқылы жеткізіп отыр. Қаланың сол жағалауында 50 жыл бұрын салынған станцияның құрылғылары биыл 90 пайыз жаңартылды. 2025-жылы елуге жуық учаскедегі кабельдік желілер ауыстырылды. Оған облыс қазынасынан 500 млн теңге бөлінбек.
Мерей Әкімжанов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Өскемен қаласында бүгінгі таңда екі подстанция жұмысы атқарылу үстінде. Оның жұмыстары 60-70 пайызға жүзеге асқан. Біреуі 25 мегеваттқа, біреуі 15 мегаваттқа арналған. Алайда соған қосымша біздің бас жоспарға сәйкес тағы екі подстанция жүзеге астын болады.
Олжас Керейхан