Өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды баспанамен қамту жұмыстары жалғасады. Мемлекет басшысы Астанада жаңа үлгіде салынған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен кездесуде осылай деді. Әрі тез құрастырылатын модульды материалдан салынатын деполар өңірлерде де ашылатынын айтты.
Данияр Қайыртай, тілші:
Жаңа үлгідегі өрт сөндіру бекеті 3 жарым айда салынып біткен. Мына кешенде қызметкерлер отыратын әкімшілік кабинеттер мен 6 көлік сыятын ангар бар. Бекет аумағында жас отбасыларға мынадай жатақхана да тұрғызылған.
Мемлекет басшысы депо аумағын түгел аралады. Негізгі ғимаратта жұмыс кабинеттерінен бөлек, диспетчер бөлмесі мен оқу сыныбы бар. Жеке ас үй мен тынығу бөлмесі де қарастырылған. Бекетте 50 шақты қызметкер жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баршаңызды біз жоғары бағалаймыз. Мемлекет тарапынан жәрдем беріп тұрамыз. Мынау бірінші модульды деген депо, осындай деполар еліміз бойынша көп болады. Біз тиісті қаражатты міндетті түрде бөлеміз.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
Баяғыда басқа бөлімдерді 1,5-2 млрд-қа салса, мынау 700-800 млн тг шығады. Астанада ғана емес, әрбір ауданда осындай саламыз деген өзіміздің мақсатымыз бар.
Президент өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың әлеуметтік мәселелерін шешу және баспанамен қамту жұмыстары жалғасатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баспана деген ең маңызды мәселе, мен бәрін түсініп отырмын. Жақында үлкен топан су болды бізде. Үлкен апат. Құтқарушылар жақсы жұмыс істеді. Жалпы мемлекет тарапынан жәрдем болады, әрқашан.
Еркебұлан Оразбаев, Астана қаласы №23 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:
Қазір қуанышты сәттеріміз жақын деп ойлаймын. Тұрғын үй жағдайлары біздің қызметкерлердің күннен күнге жақсарып келе жатыр. Жақын арада тұрғын үй төлемі де төлендейді деп сенеміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев өрт сөндіру бөлімінің жанынан салынған екі қабатты жатақхананы да аралап көрді. Оған осы бөлімде істейтін 10 қызметкердің отбасы қоныстанған.
Аружан Жанапия, жатақхана тұрғыны:
Екі ай бұрын көшіп келдік. Өзіміз пәтер жалдап тұрдық. Осылай күйеуіме жұмыстан жатақхана береді деген кезде қуанып, осында келдік. Іші жылы, барлығы бар керек-жарақтың.
Осыдан соң Президентке биік ғимараттардағы өртті өшіруге пайдаланылатын дрондардың жұмысы таныстырылды.
Данияр Қайыртай