Қазақстан әлемдік тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде жай ғана бақылаушы болып қалмайды. Керісінше, теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтылады. Елордада өткен Astana Think Tank Forum-да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Орта державалардың әлемдік аренадағы рөлі талқыланған жиында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер, оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстар да айтылды. Оңғар Алпысбайұлы толықтырады.
Қазір әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреп барады. Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылай деген Президент бүгінгі форумның негізгі мақсатына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз.
Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі ретінде ұзақ жылдардан бері өз миссиясын мінсіз атқарып келе жатыр. Мұны халықаралық сарапшылар да жоғары бағалап отыр.
Ли Юнцюань, ҚХР Үкіметі жанындағы Еуропа және Азияның әлеуметтік даму институтының директоры:
Халықаралық аренада Қазақстанның абыройы артып, маңызы қарқынды күшейіп келе жатыр. Жаһандық проблемаларды шешуге өте тиімді тәсілдерді ұсынып жүргенін көріп отырмыз. Көп векторлы сыртқы саясат өте сапалы жүргізіліп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның орта держава ретіндегі ұсынысы әрі ұстанымымен әлемнің кез келген елі санасатын болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өсіп-өркендеуі және қоғамның демократиялық талпыныстарын жүзеге асыру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Бұл өзгерістер ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз.
Еркін Тұқымов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры:
Сыртқы саясатта жасалған әрбір жұмыс ішкі саясатқа да оң әсерін тигізеді. Әр сапар, әр жиын, жаңа инвестицияның тартылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қауіпсіздігіміздің артуына үлес қосады. Орта державалардың қатарына қосылу арқылы біз осы екі бағытты да жылдам дамытуға мүмкіндік алып отырмыз.
Қазақстан Иранмен ядролық қару мәселесінде мәмілеге келуге, Сирия бойынша келіссөз жүргізуге, сондай-ақ жақында ғана Армения мен Әзербайжан арасындағы кездесуге арнайы алаң ұсынған. Қауіпсіздік саласына қатысты бастамаларымызды жалғастыра береміз. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық пен прогрестің қозғаушы күші саналатын БҰҰ-ның рөлін қолдаймыз, - деді Президент. Мемлекет басшысы жиында Ресей-Украина арасындағы қақтығысты шешу мәселесі жөнінде де пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық. Бұл – Ресейдің әскери әлеуеті, президент Путин жүргізіп отырған саясатты халқының қолдауы және тарихтың өзі дәлелдеп отырған факт. Сондықтан біз қақтығысты бейбіт түрде шешу жолдарын қарастыруды, барлық мемлекеттің, соның ішінде Қытай мен Бразилияның ақылға қонымды жоспарларын қолдаймыз. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, соғыс қос тарапты да жойып тынады.
Форум қатысушыларының сауалдарына жауап берген Мемлекет басшысы Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келе жатқанына ерекше тоқталды. Аймақ елдері одақтас ретінде қатар дамып жатыр. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деді ол.
Давид Абциаури, Грузия сауда және өнеркәсіп палатасының директоры:
Ерекше шешімдердің бірі ретінде әлемдік саяси және экономикалық мәселелерді шешудегі орта державалардың рөлін айтуға болады. Қазақстан Президенті өңірдің ғана емес, дүние жүзіндегі жағдайды сараптай отырып, оларды шешу жолдарын айтып берді. Ұсыныстардың барлығы қолдауға тұрарлық деп есептеймін.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Қазір жаһандық жылыну, құрғақшылық, су тасқыны, жер сілкінісі мен алапат дауылдар қалыпты жағдайға айналды. Осындай жағдайларда орта державалардың ұсыныстары мер ұстанымдары мәселелерді ретке келтірудің негізгі жолын көрсетеді. Елдер арасындағы кикілжің мен қақтығыстарды шешу кезінде де осы елдердің тұрақты ұстанымдары ескеріледі. Яғни орта державалардың әлемдік аренада маңызы артып келеді. Ал біз мұны өзімізге ғана емес, барша адамзат баласы үшін тиімді пайдалануымыз керек деді форумға қатысушылар.
Оңғар Алпысбайұлы