Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге 700 млрд теңге дейін несие бермек. Қаржылай қолдау жыл соңына дейін жалғасады. Осылайша несие беру көлемі 75%-ға артпақ. Тағы бір тың жаңалығы енді сыйақы пайызы да субсидияланады. Таразда Республикалық несие серіктестіктерінің VI форумында осы және өзге де оң өзгерістер айтылды.
6 жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі форумға 200-ден аса несие серіктестік басшылары, шетелдік және отандық мамандар қатысты. Мақсат – қаржылық бағдарламалардың тиімділігін талқылау. Басқосуда белгілі болғандай енді егін егетін кәсіпкерлер «Кең дала 2» бағдарламасы арқылы субсидияланған несиені тікелей 5 пайызбен алады. Ол үшін арнайы платформа арқылы арызданбай-ақ, корпорацияға жүгінсе жеткілікті. Ал кепіл мүлігі жетпейтін кәсіпкерлер 85% «Даму» қорының кепілдігін ала алады.
Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма мүшесі:
Қазіргі таңда 400 млрд теңгеден астам несие бердік. Несиелік серіктестіктерге біз биыл 140 млрд теңгеге жуық несие, қаржыландыру бердік. Бұл өткен жылдармен салыстырсақ абсолюттық рекорд. Енді биыл 75%-ға артық берейік деп отырмыз.
Бұл дегеніміз несиелеу портфелі жыл соңына дейін 700 млрд теңгеге жетеді деген сөз. Корпорация қаржыны несие серіктестіктеріне, ал олар шаруаларға береді. Қаржылай қолдауды әр өңірдегі 209 несие серіктестігі арқылы алуға болады.
Қаржаубай Ахметжанов, несиелік серіктестік төрағасы:
Шаруаларға ешқайда барудың керегі жоқ. Әрбір ауданда серіктесіміз бар. Олар бізге кредиттік серіктестерге справкаларын әкеледі керек заттарына. Өздерінің құжаттарын алып келеді. Біз оның бәрін қосып проект жасап апарып, ақшаны шығарып береміз.
Кәсібін кеңейтем деушілерге «Кең даладан» бөлек «Агробизнес» бағдарламасы бар. Жеңілдетілген несие көктемгі дала жұмыстарына дейін беріледі. Айта кетейік, жыл басынан бері көмек қаржыны 16 мың кәсіпкер алған.
Данияр Әлімқұл