Екібастұз қаласын жылу маусымына дайындау кешенді жоба бойынша жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұз қаласын жылу маусымына дайындау кешенді жоба бойынша жүргізілді

17.10.2024

Екібастұз ЖЭО-на бұрынғы акционер Клебанов пен Канның енді еш қатысы жоқ. Кәсіпорын «Самұрық-Энерго» АҚ-ның, ал, жылу желілері жергілікті әкімшіліктің иелігіне өтті. Екібастұз десе қысқа дайын ба?,- деген заңды сұрақ туады. Себебі, осыдан екі жыл бұрын қарашаның қатқағында коммуналдық саладағы апат естен кете қойған жоқ. Әріптесім Болат Аманбаев Екібастұзға арнайы барып, қаланың қысқа әзірліген көріп қайтты.

Биыл Екібастұз қаласын жылу маусымына дайындау кешенді жоба бойынша жүргізілді. Тұрғындар жаурамауы үшін электр қуатын өндіруші МАЭС-1, МАЭС-2 стансалары да көмекке келді.

Құлжабек Нұрланғазы, Екібастұз қаласының тұрғыны:

Уағында берілді жылу. Қазір үйіміз де жылы, жұмыс орнымызда жылумен қамтылып отыр.

Ботагөз Болатова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

18-ші шағын аудан өте суық болатын. 16 градуспен отыратынбыз үйде. Енді осы жылы түгелі жақсы. Керемет. Пердені түгел ашып тастаймыз. Жазда жұмыстар түгел істелінді. Соны түгел көрдік.

Көктемде шаһардағы жылу желілерінен 203 ақау табылған болатын. 11 шақырым құбыр тұтасымен ауыстырылды. Биылғы маусымда әлеуметтік нысандардан бастап 700 ден аса тұрғын үйдің бәріне жылу жылдағыдан ерте берілді.

Ержан Салханов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:

Үкімет резервінен 1-ші және 2-ші жылу магистралін жөндеуге қаражат берілді. Қазіргі күні түгелдей игерілді. Негізгі жұмыстарды аяқтадық. Енді қазылған жерлерді тегістеп жатырмыз.

Қалаға жылу апаратын негізгі магистраль осы. Осыдан екі жыл бұрын алба-жұлбасы шығып тесіліп жататын. Қазір міне көріп отырсыздар 800 мм құбырлардың орнына 1000 мм құбырлар салынған. Жылу сақтап тұру үшін сыртына қосымша қаптама жасалыпты.

Бүгінгі күні шаһарға 75 градустық температурамен 210 гега калорий жылу беріліп тұр. Көмір де, мазут та жеткілікті.

Айдарбек Қыстаубаев, Екібастұз ЖЭО бас директоры:

«Самұрық-Энерго» АҚ-ы атынан күрделі және ағымдағы жөндеуге 3,8 млрд.теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда 5 бу қазандығының 4-де ағымдағы жөндеу өткізілді. 1 бу қазандығында жұмыстар жүргізілуде. Су жылыту қазандығының 3-і ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Осы айдың аяғында тағы бір қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп жұмысқа қосамыз.

Жылу электр орталығындағы 10 қазандық түгелдей қысқа дайын. Қатты суықта олардың 8-і іске қосылады. Екеуі резервте болады. Бұдан бөлек былтыр қатып қалған Майқайыңға Екібастұздан ауыз су апаратын ескі құбырдың 17 шақырымы жаңадан салынды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу