Түркияда жер сілкінісі кезінде 200-ден аса адам жараланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда жер сілкінісі кезінде 200-ден аса адам жараланған

18.10.2024

Түркияның Малатия өңірінде екі күн бұрын болған 5,9 балдық жер сілкінісі кезінде екі жүзден аса адам жараланған. Олардың көбі зілзала кезінде жоғары қабаттан секіріп немесе баспалдақтан құлап кеткендер. Тоғызы қазір ауруханада жатыр. Түркия Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша олардың өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Бұдан бөлек, арнайы комиссия жүргізген сараптамаға сай зілзаладан бірнеше облыста 600-ге жуық ғимарат зақымданған. 20-сы қатты зақым алғандықтан жөндеуге келмейді. Ең көп бүлінген ғимарат Елазығ облысында тіркелген. Қазір жер дүмпуінен келген шығын есептеліп жатыр.

Нуман Хатипоғлы, Елазығ провинциясының губернаторы:

Жер сілкінісінің зардаптарын анықтайтын арнайы комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр. Бір қуанарлығы қираған ғимараттардың астында қалған тұрғындар жоқ. Тек бір ғимараттың қабырғасы жарылып, есігі ашылмағандықтан 4 адам сыртқа шыға алмай қалған еді. Оларды мамандар дер кезінде құтқарып алды.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу