Батыс Қазақстан облысында тасқын кезінде белуардан мұздай су кешіп, 6 шақырым жаяу жүріп, көліктерге жол көрсеткен құтқарушылар ерекше көзге түсті. Олардың арасында қалалық № 8 өрт сөндіру бөлімінің мамандары Қуаныш Құмаршиев пен Манарбек Сұлтанов та болды. Мереке қарсаңында әріптесім бүгінгі күннің батырларымен тілдесіп, қым-қуат қызметін көріп қайтты.
Наурыздың соңында Қаратөбе ауылына кіреберіс жолды терең су басты. Басқа ауылдан көшірілген тұрғындар мен гуманитарлық көмек, арнайы техника тиелген көліктер, «Жедел жәрдем» де ауылға кіре алмай, жағада қалды. Сол кезде құтқарушылар батыл шешім қабылдап, арқанның бір ұшын белге, екіншісін Камаз шанағына байлап, мұздай суда 6 шақырым жаяу жүріп, күндіз-түні көліктерге жол көрсетті.
Ерлік іс ескерілді. Құтқарушылардың бірі Ақордада Президент қолынан мемлекеттік марапат алды.
Қуаныш Құмаршиев, өрт сөндіруші, құтқарушы:
Шамамен 150 шақты кісі судың ар жағында қалып қойды. Күн салқын және қар араласқан жаңбыр, жел болды. Толқын да болды. Аяғың сынып кете ме деп қорқасың, бір жағынан. Басында үрей болды. Сосын басылды. Үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Бұл тек менің марапатым емес, бүкіл Батыс Қазақстандыкі деп ойлаймын.
Қаратөбеде тасқынмен арпалысқандар арасында Манарбек Сұлтанов та болды. Қазір майор өрт сөндіру бөлімінде өз міндетін мүлтіксіз атқарып, жастарға жол көрсетіп жүр. «Материалдық-техникалық базамыз жаңартылып жатыр. Енді тек мамандарды үстемақы, баспанамен қамту жағынан қолдау болса», - дейді.
Манарбек Сұлтанов, құтқарушы, №8 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
Балалар енді осы саланы таңдағасын, жұмыс атқарып жатыр. Минустары бар әр жұмыстың да. Қиын физикалық, психологиялық жағдайда жұмыс істеуге біздің салада. Дайындап жатырмыз. Кез келген жағдайға дайын біздің қызметкерлер.
Отқа да, суға да түсетін бүгінгінің батырлары қоғамдық өмірге де белсене араласады. Әрі спорттық іс-шаралардың қызметте септігі мол.
Жанат Байтақов, № 8 өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
Өз міндеттерін толық біледі. Жұмысына кешікпейді. Су тасқыны, өрт сөндіру кезінде де өз міндеттерін толық атқарады. Шағын футболдан күштік құрылымдардың арасында болған жарыстан шекарашылармен финалда ойнап, бірінші орынға ие болдық.
Сын сағатта сыр бермеген мамандар жастарға білгендерін үйретуден жалықпайды. Қатарға енді қосылған буынның антқа адал болып, азаматтық қорғау саласындағы сабақтастықтың үзілмегенін қалайды.
Ардақ Мұратқызы