Панфилов ауданының даму қарқыны пысықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Панфилов ауданының даму қарқыны пысықталды

18.10.2024

Жетісу облысының Панфилов ауданында 9 айдың қортындысы бойынша ауыл шаруышылығы саласының өзінде өсім 3,4 пайызға жетті. Жалпы кіріс 36 млрд теңге. Жыл басынан бері 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Баспанаға мұқтаж 280 отбасы пәтерлі болып, биыл кезекте тұрған 700 отбасы қоныс тойын тойлайды. Жазиралы Жаркент өңіріне барған облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кездесіп, тұтас аймақтың даму қарқыны туралы есеп берді.

Жаркент қаласында 1200 орындық жайлы мектеп құрылысы аяқталуға жақын. Қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бірнеше блоктан тұратын ғимараттағы жұмыс қарқынымен танысқан өңір басшысы мердігерлерге нысанды уақытылы өткізуді тапсырды. Қазіргі таңда жайлы мектепке оқушылар мен ұстаздар жинақталуда.

Айгүл Дарубаева, жайлы мектеп директорының міндетін атқарушы:

 Қазіргі уақытта 1131 оқушы тізімге алынды. Негізгі 92 мұғалім қажет. Оның ішінде Алтынсарин, Шоқан Уалиханов атындағы мектептен оқушының көп ауысуына байланысты 25 мұғалім перевод арқылы келеді. Ауысу арқылы. Ал 68 мұғалім конкурс арқылы қабылданады.

Жалпы Жаркент өңірі облыстағы дәнді жүгерінің 74 пайызын өсіреді. Былтыр елімізде дала аруының бағасы төмен болып, бұл аудандағы шаруалар да өнімін өткізе алмай біраз шығынға батқан. Жағдай қайталанбас үшін бірқатар жұмыстар қолға алынды.

Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі:

 Алынған өнімді терең өңдеуге өткізетін шаруаларға тоннасына төленетін субсидия көлемі 6 мың теңгеден 10 мың теңгеге ұлғайтылды. Ауданда биыл 170 мың тонна жүгері алу жоспарлануда. Өндірілген жүгеріні Жаркент крахмал-сірне зауыты былтыр 80 мың тонна қабылдаса, биыл 100 мың тонна жүгері қабылдауды жоспарлап отыр.

Жалпы Панфилов ауданында әр сала бойынша тұрақты даму қарқыны байқалады. Қытаймен шекаралас аймақтың инвестициялық әлеуеті де зор. Қорғас шығыс қақпасы еркін экономикалық аймағында құны 800 млрд теңгеден асатын 44 жоба қолға алынып, 5 мың адамды жұмыспен қамту көзделген.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу