Ұлытау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына Мемлекет басшысы атынан Жауынгерлік Ту тапсырылды. Салтанатты іс-шараға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары мен өңір басшысы арнайы қатысқан. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Жандос Бақытұлы тарқатсын.
Жауынгерлік Ту – әскери бөлімнің қастерлі рәміздерінің бірі. Оны Президент атынан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов Ұлытау облысы Аумақтық қорғаныс бригадасына тапсырды. Сондай-ақ бригада командиріне Президент грамотасы берілді. Бас штаб бастығы жауынгерлік тудың маңызын түсіндіріп, батырлық пен отансүйгіштіктің нышаны әрқашан биікте желбіреу керектігін айтты.
Сұлтан Камалетдинов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы Күштері Бас штабының бастығы:
Сіздерді Астана өңірлік қолбасшылығының аумақтық қорғаныс әскерінің әскери бөліміне Жауынгерлік туды тапсырумен құттықтаймын. Жауынгерлік ту абырой, ерлік пен даңқ белгісі. Ол әскери бөлімді біріктіретін белгі.
Сарбаздар сап түзеген салтанатты шарада Ұлытау облысының әкімі де әскери қызметшілерді құттықтады. Өңірге Мемлекет басшысы атынан Жауынгерлік Тудың тапсырылуы әрқашан үлкен құрмет пен жауапкершілік екенін атап өтті.
Дастан Рыспеков, Ұлытау облысының әкімі:
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Ұлытау облысы аумақтық қорғаныс бригадасына Жауынгерлік ту тапсырылды. Бұл сіздер үшін де, біз үшін де үлкен мақтаныш. Жауынгерлік тудың тұғырын берік ұстап, әскери антқа адал болады деп сенемін.
Жауынгерлік ту – өңірге қарасты әскери бөлімде мәңгілік сақталады. Әскери мекеменің алған ордендері осы туға тағылады.
Жандос Тазабеков, Ұлытау облысының аумақтық қорғаныс бригадасы бастығының орынбасары:
Бүгін міне Ұлытау облысында үлкен қуаныш. Себебі Ұлытау облысында Аумақтық қорғаныс әскерлері Президент атынан Жауынгерлік ту, Президент грамотасын алып жатырмыз. Өте қуаныштымыз.
Өңірде аумақтық бригада 2022 жылы құрылған. Бөлім қаладағы, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Күн сайын жүздеген сарбаз облыстың тыныштығын күзетеді.
Жандос Бақытұлы