Мемлекет басшысы: Қазақстан әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Қазақстан әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын

20.10.2024

Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Tengrinews.kz сайтына шағын сұхбат берген. Тақырып - Қазақстанның БРИКС ұйымына кіріп-кірмеуіне орай.

Интервьюдің басында берілетін тұжырымда «Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастырып жатыр» - деген.

Дегенмен алдағы аптада Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне барады. «Аутрич» форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді деген. Аутрич деген не? Оutreach — потенциалды серіктестермен өзара тиімді ынтымақтастық құру үшін байланыс орнату.

Айтып отырған сайт тілшісі Әзербайжан мен Беларусьтің БРИКС құрамына кіру үшін өтінім бергенін айтып, біздің еліміз аталған халықаралық құрылымға мүше болуды жоспарлап отырған жоқ па?- деп сұраған. Жауап:

 ... Біздің еліміз осы құрылымның негізін қалаған мемлекеттер басшыларының қандай да бір алпауыт державаның гегемониясынан азат, әділетті әрі демократиялық әлемдік тәртіп құру туралы бастамасын қолдайды.
Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түсті. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысының өзі мұқият қарастырып отыр және оның тапсырмасы бойынша тиісті ведомстволар Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан талдау жүргізіп жатыр.
... мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады.

БРИКС дегенді басында Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка мемлекеттері құрған. Одан кейін БАӘ, Иран, Египет пен Эфиопия қосылған.

Баспасөз хатшысы сөз соңында президенттің «БҰҰ кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ» деген пікірін келтірген.

Бейсенбіде Мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеп, геосаясатқа орай не ойлағаны барын өзі таратыңқырап айтты.

Қ.Тоқаев әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды. Цитата:

– Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады.
–...Мемлекеттерді үлкен немесе шағын деп бөлмей, оларға жаһанды жақсарту үшін өз үлесін қосуға мүмкіндік беру керек. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік аренада белсенді рөл атқаруға дайын. Біз дипломатияның, экономикалық ынтымақтастық пен көпжақты басқарудың тоғысқан жерінде тұрмыз... Халықаралық тәртіп өзгеріп жатқан кезеңде біздің жай ғана бақылаушы болғымыз келмейді. Керісінше, анағұрлым теңгерімді, әділ әрі орнықты ғаламдық жүйенің архитекторлары болуға ұмтыламыз.

Қ.Тоқаев Ресей-Украина арасындағы соғыс жөнінде де пікір білдірген.

– Канцлер Шольцпен келіссөз барысында айтқанымдай, Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық, дей келе ... Конструктивті келіссөздер арқылы бейбітшілікке ұмтылу – әлсіздіктің белгісі емес, керісінше, стратегиялық парасаттылықтың көрінісі, – деген.

Орталық Азия басшыларының байқала бастаған ықпалдастығы туралы да айтқан.

–Қазіргі жағдайды он жыл бұрынғы ахуалмен салыстыруға келмейді, мүлде өзгеше. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары жиі кездеседі. Ортақ мәселелерді бірлесе пысықтайды... Біздің саяси ұстанымдарымыз стратегиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Меніңше, Орталық Азияның әлем картасындағы орны ерекшеленіп келеді. Аймақтағы әріптестерім мұнымен келіседі деп ойлаймын. Біз осы өте маңызды өңірдің әлеуетін нығайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

Хабарламаларға жазылу