Парламент Мәжілісінде өткен үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыссыз адам ұсынылған жұмыстан бас тартса, жауапкершілікті күшейтуді ұсыныпты. Министрдің айтуынша, өкімет ұсынған жұмысқа келіспейтіндер көп.
Сөйтіп Солтүстік Қазақстан облысы Сергеевка ауылында айлығы 600 мың теңге дәнекерлеушінің бос орнына ешкім бармағанын мысалға келтірген. «Осындай жалақыға жұмыс істегісі келмейтіндер бар... Білігі жетпесе де 800 мың теңге айлық алғысы келеді,
300 мың теңгенің жұмысына бармайды. Еңбек құндылығы жоғалған. Тәрбиеден бөлек, заң жағынан да реттеу қажет. Сондықтан жұмыстан қашатындарға жауапкершілікті күшейту керек, дейді.
Бірнеше сұрақ бар. Бірінші сұрақ: ұсынылатын жұмыстар бойынша жалпы мәлімет бар ма? Ол сала және мамандық бойынша тарау-тарау бөлінген бе? Айлығы 600 мың теңге дәнекерлеушінің неше бос орны бар?
Және сол аймақта жұмыссыз жүрген қанша дәнекерлеуші бар? Бір ғана вакансия болса, оны «осынша айлыққа бармайды» деп жұмыссыздарды жаппай жалқау қылып көрсететін мысал етіп көлтіруге бола ма?
Екінші сұрақ: ұсынылатын 300 мың теңге айлығы бар жұмыс ауылда ма, қалада ма? Қала болған күннің өзінде қай қалада? Астана ма, Петропавл ма? Астаналарды былай қойғанда, облыс орталықтарында қиналып жүрген адам аз емес.
Олар 800 мың теңге жалақы бер деп «жер тепкілемейді». 300 мыңға қуана келіседі. Күзетші болып жүргендер «екі қолға бір күрек» деп жүргендер емес пе?.. Жалпы күзетші болуға келісу көп нәрсені аңғартпай ма?
Сондықтан жұмыстан қашу деген ілеуде бір кездесетін сияқты. Раушан Сайлауқызы таразылайды.