Қызылордада оқушыны ұрып өлтірген жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға жыл басында қалаға қарасты Белкөл кентінде болған.
Сотталушы елдімекендегі көпқабатты үйдің подъезінде өзінен кіші балаға әлімжеттік көрсетіп, кеуде тұсынан жұдырықпен бірнеше мәрте ұрған. Алған соққыдан 9-сынып оқушысының жүрегі тоқтап, сол мезетте қайтыс болады. Сот процесі барысында оқиғаның мән-жайы айқындалды. Жоғары сыныптың оқушысы көз жұмған жасөспірімді темекі шеккені үшін ұрып-соққан. Күш көрсетемін деп адам өмірін қиған сотқардың кінәсі сотта дәлелденді.
Дәурен Тайыров, облыстық Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әкімшісінің басшысы:
Сот үкім етті, ҚР ҚК 106 бабының 3-бөлігімен сотталушы кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.
Әділбек Серікұлы