Алматыда Ауған тауарларының көрмесі өтіп жатыр. Іс-шарада 80-нен астам компания өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Әсіресе, табиғи тастан жасалған әшекей мен қолөнер бұйымдары бірегейлігімен ерекше. Ал ауған кілемдері берік әрі төзімді. Дизайны күрделі, қой жүнінен, сирек бояғыштарды қолданып тоқиды. Көлемі шамамен, 3-те 4 болатын үлкен кілемді тоқуға шамамен алты ай уақыт кетеді. Елдегі тұрақсыздыққа қарамастан, кілем тоқу өнері дамып келеді, әлем бойынша сұранысқа ие,-дейді ауған кәсіпкерлері. Сондай-ақ, көрмеге жемістер мен көкөністер, сусындар, жаңғақтар, шафран шайы, құрылыс материалдары, асыл тастар сияқты 150-ден аса өнім қойылды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Қазақстан Ауғанстанды Орталық Азия елдеріндегі маңызды ірі серіктес ретінде қарайды. Дүниежүзілік дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда экономикалық ынтымақтастық жалғаса дамып келеді. Біз Ауғанстанмен қалыптасқан, сауда-экономикалық, транспорттық-логистикалық және энергетикалық байланыстарда сақтауға мүдделіміз.
Шаһаб Ханавизиан, кәсіпкер /Ауғанстан/
Мен Қазақстанға сусын түрлерін әкелдім. Біз өнімдерімізді Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызыстан, Ресей, Еуропа елдеріне, Канадаға экспорттаймыз. Қазақстандық компаниялармен серіктестік орнатуға ниеттіміз.
Айдана Қуантхан