Елімізде туабітті құлақ кемістігі бар 3 мыңнан астам балаға операция жасайтын маман жоқ. Салдарынан ата-аналар шетелдік дәрігерлердің көмегіне мұқтаж. Оны кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді. Себебі, операция құны 50 миллион теңгеден басталады. Америкалық отохирург, білікті маман Джозеф Роберсон Алматыға арнайы келді. Құлақ кемістігі бар балаларға сәтті операция жасайтын дәрігер қандай тың тәжірибемен бөлісті? Айдана Қуантхан тізбектесін.
8 жастағы Әлихан дүниеге бір құлақсыз келген. Оң құлағының тесігі жоқ, мүлдем естімейді. Ата-анасы екі жыл бұрын үндістандық дәрігерге ота жасатыпты. Десе де, нәтиже жоқ. Енді америкалық маманның көмегіне жүгінуге мәжбүр.
Айдана Көтесова, Әлиханның анасы:
Жаңа біліп отырмыз. Үлкен шок алдым. Ол кісі ешқандай операция жасалмаған деп отыр. Аудиограмма бойынша өзіміз көріп отырмыз, тугоухость 3 дәрежеде болған операцияға дейін, сол қалды. Қазақстанда қаншама мамандар бар. Тәжірибе алмасуға мемлекет тарапынан көмектессе деп ойлаймын.
Микротия – құлақ қалқанының дамымауы. Атрезия – құлақ тесігінің болмауы. Елімізде бұл патология жүйелі зерттелмеген, маман жоқ. Сондықтан, "мәселені түп тамырымен жоюға қауқарсызбыз", - дейді отандық дәрігерлер.
Айгүл Медеулова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас отоларингологы:
Елімізге құлақ, мұрын, тамақтың институты керек. Өйткені, оның түбінде мамандарды дайындау тұр. Зертхана болуы керек. Содан бастау керек. Лор дәрігері болып бітіре салып, құлақтағы отаға отыра салу мүмкін емес. Ол үшін құлақтағы бар операцияның этаптарын жасап білу керек.
25 жылдық тәжірибесі бар білікті маман Джозеф Роберсон Алматыда туабітті құлақ кемістігі бар балаларды қабылдады. Еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстаннан ата-аналар келді. «Микротия және артезияның неден болатыны белгісіз. Бұл патологияны бала құрсақта жатқанда да анықтау мүмкін емес», дейді дәрігер.
Джозеф Роберсон, отохирург (АҚШ):
Бұл – өте күрделі операция. Біз бас сүйекті тесіп, дыбыс қабылдайтын сүйектерді орнына қоямыз. Ал құлақтың өзін бас сүйек немесе аяқтан тері алып, пішінге келтіріп, қаптаймыз. Соның бәріне 4 сағат, кейде 7-8 сағат уақыт кетеді. Әр балада әртүрлі.
Маман бүгінге дейін 660-қа жуық балаға ота жасаған. Оның 13-і – қазақстандық бүлдіршін. Ал елімізде микротия және артезия диагнозы қойылған, аса қымбат операцияға мұқтаж 3 000-нан аса бала бар.