Офтальмолог: Мектептегі 80% баланың көру қабілеті нашар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Офтальмолог: Мектептегі 80% баланың көру қабілеті нашар

21.10.2024

Қазір мектептерде алдыңғы қатардағы парталарға талас жүріп жатыр. Тіпті, сол үшін ата-аналар арасында офтальмологтан анықтама сұрайтындар көбейген. Басты себеп, көзі нашар көретін балалардың көбеюі. Мамандар, ғылыми зерттеуді негізге ала отырып елдегі оқушылардың 80 пайызында көру қабілеті төмен екенін анықтаған. Бұл жағдай бала денсаулығы мен білім сапасына қалай әсер етеді? Әріптесім Серік Жұмабек біліп көрді.

Елімізде 4 млн-ға жуық оқушы бар. Соның 70-80 пайызында көру қабілеті нашар. Офтальмолог Ербол Сарымсақов мұны көзге түсетін шектен тыс салмақпен байланыстырады.

Ербол Сарымсақов, офтальмолог:

Қазіргі кезде мектеп жасындағы, яғни 17-18 жасқа дейінгі оқушылардың көру қабілеті 80 пайызында нашар. Себеп – көзге түсетін салмақтың көптігінен.  Өте жоғары статистика Жапон халқы мен Корея мемлекетінде. Олардағы көзге қатысты мәселелер 80-90 пайызға дейін жетті.
Дәрігердің айтуынша, осы қарқынмен кете берсек көзі көрмейтіндер саны бойынша кәрісті қуып жетуіміз мүмкін. Оның дәлелі, мектепте баласын алдыңғы партаға отырғызу үшін анықтама сұрайтын ата-ана көбейген. Офтальмолог мұны қауіпті аномалияға балап отыр. 

Серік Жұмабек, тілші:

Ал мектеп мұғалімдері кімнің қайда отыратыны туралы жазылған ереже жоқ. Қалыптасқан тәртіп бойынша әдетте алдыңғы қатардағы парталарға бойы аласа балалар мен оқу үлгерімі нашар оқушылар отырғызылатынын айтады. Бірақ, қазір бұл орындарды көзі нашар көретін балалар алмастырған. Тіпті баланың тақтаға жақын отыруы үшін, партаны көлденең қоюға мәжбүр.
Назым Жұмабаева, бастауыш сынып мұғалімі:

Баламның көзі нашар көреді. Біреуі қашықтан көрмейді, біреуі жақыннан көрмейді. Сондықтан ата-аналар арасында осындай таластар бар. Менің балам алдына отырсыншы дейміз. Бірақ бізде 3 қана қатар. Алдында 6 бала ғана отырады. Қалған баланың бәрін алдына қарай тарта алмаймыз. Сол себепті бізде арнайы тақталар ба,р сол тақтадан тапсырмаларды шығарып қоямыз, болмаса балалардың алдына тапсырмаларды жеке шығарып береміз.
Көздің нашар көруі білім сапасына, ал көзілдірік тағу бала психологиясына әсер етеді. Психолог Қарлыға Жәнібекқызының пайымы осындай. Айтуынша, баланың булингке ұшырап, басқалар тарапынан қысым көруіне оның сыртқы келбеті де әсер етеді.

Қарлыға Жәнібекқызы, педагог-психолог:

Бала қоршаған ортаның 80 пайызын көру арқылы қабылдайды. Ал көзілдірік тағатын балалар өзінің сыныптастары, қатарластарынан буллингке, қысымға, мазаққа ұшырап жатады. Яғни осындай қысымға ұшыраған балалардың сабақ үлгерімі, сабаққа деген белсенділігі жоғары деңгейде болады деп айта алмаймын.  Яғни баланың сыртқы келбеті, сыртқы бейнесі оның сабағына да, біліміне де әсер етеді.
Енді қайтпек керек?! Мамандар телефоннан түбегейлі бас тарта алмаймыз. Бірақ оны дұрыс әрі тиімді пайдалану кестесін құру арқылы көзді сақтап қалуға болады деп отыр.

Ербол Сарымсақов, офтальмолог:

Телефондарды қолдану тәртібі бар, соны сақтаған жағдайда көру қабілетінің төмендеуінің алдын алуға болады. 7 жасқа дейін 15 минуттан асырмау керек, 7- 14 жас аралығында 25 минутқа дейін болады. 15 жастар кейін 40 минутқа дейін болады. Күніне 3-4 рет.
Серік Жұмабек, тілші:

Мамандар «баланың көзі 6-7 жасқа дейін толық дамып болады. Осы кезеңде экранға ұзақ қарау нерв талшықтарының дамуы мен көз бұлшықеттерінің жұмысын бұзады. Сондықтан телефоннан тыйған жөн» дейді. Тіпті, 14 жасқа дейін емдетпесеңіз, дамыған медицинаның өзі қауқарсыз қалуы мүмкін екенін еске салады.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу