Израиль Бейрут маңын әуемен шабуылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль Бейрут маңын әуемен шабуылдады

22.10.2024

Израиль Ливан астанасы Бейрут жанындағы халық көп тұратын елдімекенге қайта шабуыл жасады. Одан 4 адам қаза тауып, 20-дан астам тұрғын жараланған. Бұған дейін Израиль әскері осы маңдағы аурухана астында «Хезболланың» басқару орталығы бар деп мәлімдеген еді. Тұрғындарға ауданнан кету туралы ескерту де жасалды. Ал Ливанның денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері «Әл-Сахел» ауруханасының астында туннель бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұған дәлел болу үшін ауруханаға халықаралық бақылаушылар шақырылғанын мәлімдеді. «Хезболла» болса, әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Соңғы мәліметтерге сай Израильдің Тель-Авив пен Хайфа қаласында дабыл іске қосылды. «Хезболла» орта қашықтыққа арналған зымырандармен атқылаған. Ливандық топтың мәлімдеуінше, олар барлау кеңсесі мен әскери-теңіз базасын көздеген. Қазір Тель-Авивте төтенше жағдай жарияланды. Бүгін елге АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен келеді. Ол Газада атысты тоқтату келісімдерін қайта бастауды және «Хамас» лидері Яхья Синвардың өлімінен кейін анклавтың болашағын талқыламақ. Бұл оның Израильге былтыр қазанның 7-нен бергі 11-сапары. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, бұл сапарлар барысында бітімге қол жеткізілген жоқ. Тек бір аптаға созылған атысты тоқтату келісімі жасалды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу