«Сазген сазы» ансамблі Германияда өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Сазген сазы» ансамблі Германияда өнер көрсетті

22.10.2024

«Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұжымы Германияда өнер көрсетті. «Отандастар» қоры мен еліміздің Франкфурттағы Бас консулдығы мәдени шараны Республика күніне орай ұйымдастырды. Мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

40 жылдық тарихы бар «Сазген сазы» ансамблінің ұжымы бұған дейін әлемнің үздік сахналарында талай өнер көрсеткен. Бірақ, Франкфуртқа бірінші рет келіп тұр. Өнер ұжымының Германияға сапарын ұйымдастырудағы мақсат еуропалықтарға қазақ мәдениетін дәріптеу, шеттегі қандастарымыздың рухани бірлігін нығайту.

Данияр Қадыров, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:

Франкфуртта болып жатқан іс шара қазақтың ұлттық кодын көтеру үшін, еліміздің мәдениетін сырттағы ағайындарға көрсету үшін жасалып отыр.

Тауболды Үмбетбаев, ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы бас консул:

Қазақстаннан Франкфуртта 360 мыңдай бізден көшіп келгендер тұрады. Сол кісілер алтын көпір болғандықтан мынадай мәдени іс шара ол кісілерге өте керек. Мен ойлаймын, бұл екі елдің достығына, оның келешегі үшін өте керек іс шара.

Концертті тамашалауға этникалық қазақтар, байырғы қазақстандық немістер Германияның 14 қаласынан жиналды. Атажұртты аңсағандар мен шетелдік меймандарға өнерпаздар алдымен қазақтың күй өнерінің құдіретін сезіндірді.

Құнды қобыз, сыршыл домбыра, нәзік шертер, сазды сыбызғы, жұмбақ үнді жетіген. Әлемдік деңгейдегі классикалық жауһарларды қазақ музыканттарының ұлттық аспаптармен шебер орындауы еуропалықтардың таңдайын қақтырды. Шеттегі қандастарымыздың жүрегін елжіретті. Сырға толы музыка, ұлттық киімдердің көркі көпшілікті тәнті етті.

Оливьер Апэн, Франкфурт қаласының тұрғыны:

Бірнеше музыкалық аспаптың сүйемелдеуімен өнерпаздар қазақ музыкасының рухын сезіндірді. Тамаша сезімге бөледі. Ғажап кеш үшін мың алғыс.

Ғалия Нұрақова, Германиядағы қазақ диаспорасының мүшесі:

Менің осы жерде тұрып жатқаныма 34 жыл болды. Мына концертті естіп, немерелерімізбен естіп, үлкен қуаныштамыз. Ауылымызға барып қайтқандай болдық. Осылай көп келіп тұрсаңыздар Германияға. Біз өте бақытты боламыз Сіздерді көруге.

Екі сағатқа созылған концертте «Сазген сазы»ұжымы қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттады. Музыка арқылы бабалар мұрасын, ғасырлар сарынын жеткізген өнерпаздарға талғампаз көрермен тік тұрып қошемет көрсетті. Музыканттардың гастрольдік сапары енді Австрия астанасы Венада жалғасады.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу