Қазақстандықтарға баспана жалдау келісімшарттарын онлайн жасау мүмкіндігін ұсыну қажет. «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Күздібаев, осылай дейді. Ол осы арқылы баспана нарығындағы заңсыздықтарды реттеуге болады деп отыр. Қазір елімізде арендалық пәтерлердің шамамен 67% заңсыз жолмен жалға беріледі. Егер сала реттелсе, баспана кезегінде тұрған 648 мың азаматтың мәселесін шешуге болады. Жауаптының айтуынша алдағы 2 жылда 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 1300 пәтер сатып алу құқығымен жалға берілмек.
Алтай Күздібаев, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:
Заңсыз жолмен берілетін немесе қандай да бір себептермен жалдау келісімшартын ресми көрсетпеген пәтерлердің жалдамалы баспана нарығындағы жалпы үлесі 67 пайызға жетіп отыр. Сонда тек 33 пайызы ғана заңды болып есептеледі. Қазір баспана нарығында пәтер жалдаушының да, жалға берушінің де құқығы тапталып жатыр. Дамыған елдерде баспана жалдау стандарттары жақсы дамыған. Ал бізде сақтандыру құралдары, баспана жалдаудың стандарттары толық жетілмеген. Сондықтан Е-нотариат сияқты жүйелер арқылы баспана жалдау келісімшартын онлайн жасауға мүмкіндік болу керек.
Жиында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту мәселесі де сөз болды. Оның шешімі ретінде жеке инвестиция тарту көзделген. Қазір елімізде 3000-нан астам тозған тұрғын үй бар. Соның 40 пайызы Алматы қаласында. Онда 40 мыңнан астам адам тұрады.
Серік Жұмабек