Бүгін – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл

22.10.2024

Бүгін Қазақстанның Еңбек ері, қазақ әдебиетінің алып тұлғасы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты шоқтығы биік туындылардың авторы, 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданының Үшкөң ауылында туған. Майдангер-жазушы әдебиетке 1947 жылдан араласа бастады. Тұңғыш шығармасы - соғыс тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрді. Десе де, кейіннен оны өңдеп, толықтырып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жариялады. Ал ең танымал шығармаларының бірі – «Қан мен тер» трилогиясы. Бұл туындыда адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер және ұлттың болашағы секілді күрделі мәселелер қаузалған. Оны қай буын болсын сүйіп оқиды. «Қан мен тердің» желісімен кино түсірілді. Спектаклі де көрермен тарапынан жоғары бағасын алып келеді.

Төлен Әбдік, жазушы:

Тоқсан бірдеңеге келді. Ол кез адам өзінің атын ұмытып қалатын кез ғой. Үйіне бардым. Үйіне барсам отыр екен. Бірдеңені жазып жатыр. Әбеке не жазып жатырсыз, деп сұрасам, - «Қан мен тердің» бір жерін жөндеп жатырмын дейді. Мен айтамын «Қан мен тер» сізден кетіп қалғалы қашан. Ол сізге бағынбайды. Оның өзінің тағдыры бар. - Жоқ бір образдарға өзгеріс енгізу керек деп. Осындай адам еді.

Жазушының шығармалары отыздан астам шет тіліне аударылып, қазақ әдебиетін халықаралық аренада танытты. Әдебиет саласындағы қызметімен қатар, қоғам қайраткері ретінде де белсенді болды. Ол 1962-1964 жылдары «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып қызмет атқарды. Әрі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Көрнекті жазушы екі жарым жыл бұрын 98 жасқа қараған шағында дүниеден озған еді.

Смағұл Елубай, жазушы:

Сол үйінде жатқан кезде бардық. Барсақ Әбекең тіптен шүйкедей шал болып қалған екен. Бір барғаннан кейін басын көтеріп отырды. Сонда айтқан тек бір сөзі «айналайын, айналайын, айналайын» дей берді. Күллі қазақ деген халыққа айтқан «айналайын», «ризамын» деген сөзі еді.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу