Елордада «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысы өтті

22.10.2024

Патриотизмнің қалыптасуына және оның санада берік орнығуына білім беру, ағарту, медиа салаларының ықпалы зор. Бұл ретте еліміздің зиялы қауым өкілдеріне, креативті жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Ұлттық мүдде» диалог алаңының кезекті отырысында айтты. Шарада зиялы қауым өкілдері мен сарапшылар жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттарын талқылады.

Сенат Спикері шарада сөйлеген сөзінде қазіргі жаңа заманда ұлттық құндылықтарды дәріптеу, патриотизмді нығайту маңызды міндет екенін айтты. Отаншылдық ұғымы ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты шарты болғандықтан, осы бағыттағы идеологиялық жұмысқа басымдық берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды атаған еді. Солардың ең алғашқысы – Тәуелсіздік және отаншылдық деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз атап өткендей, әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес нақты іспен көрсетуі қажет. Бұл ретте өзгеге қол ұшын созу, белсенді азаматтық ұстаным, өз ортаңды жақсартуға ұмтылу отаншылдықтың ажырамас элементтері екенін атап өткен жөн. Патриортизмнің тағы бір шарты тарихқа және болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну.

Шарада еліміздің мәдениет саласының үздіктері бой көрсетті. Диалог алаңына алғаш рет қатысқандардың қатарында Асхат Күшіншіреков бар. Режиссер «Бауырына салу» фильмін түсірген. Қазір жоба Оскар сыйлығына ұсынылды.

Асхат Күшіншіреков, кинорежиссер:

Негізі көбі біле бермейді, әжесінің қолында өскен бала сол дәстүрдің аты бауырына салу дәстүрі. Ұлттың мүддесін қорғайтын мына өзіміздің ұлтты әлемге танытатын дәстүрді көрсеткім келді. Көрсетіп жатырмын.

Шара Республика күніне арнайы ұйымдастырылды. Жиналғандар рухани-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер сабақтастығын сақтай отырып, жас буынды патриоттық рухта тәрбиелеудің басым бағыттарын талқылады.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу