Ақтөбе облысының Шилісай ауылының оқушылары екі күннен бері мектепке бара алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Шилісай ауылының оқушылары екі күннен бері мектепке бара алмай отыр

22.10.2024

Ақтөбе облысының Шилісай ауылының балалары екі күннен бері мектепке бара алмай отыр. Оған себеп – жолдың жоқтығы. Соңғы тәуліктерде жауған жаңбырдың арты ми батпаққа айналып, елдімекенге автобус кіре алмай қалған. Тұрғындарды тек жолдың ғана емес, ауыз судың да жоқтығы алаңдатып отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл ауылдың қақ ортасында зәулім мектеп тұр. Нысан 2017 жылы салына бастапты. Алайда, әлі күнге дейін құрылыс жұмыстарының аяқталатын түрі жоқ. Ал, оқушылар көрші елді мекендердегі білім ордаларына жаңбырлы күндері бара алмай отыр.

Ауыл тұрғындарының көрген күні – осы. Жаңбырлы күндері үлкен жолға дейін жаяу баруға мәжбүр. Өйткені мұнда көлік кіре алмайды. Соңғы тәуліктерде тіпті, қиыршық тас төселген жолдардың өзімен жүру мүмкін болмай қалған.

Жадыра Қасым, ауыл тұрғыны:

Балшық күндері ауылға мектеп автобусы, ауыл тұрғындарының машиналары кіре алмайды. Жедел жәрдем де кіре алмайды. Үш-төрт шақырым жаяу жүреміз. Шынымен де, міне, таудың қырына қарай, трассадан түсеміз де, сол жаққа жаяу жүреміз.

Тұрғындарды дәл қазір балаларының мектепке бара алмай отырғаны алаңдатады. Өйткені, оқушыларды тасымалдайтын автобус соңғы екі күнде жүре алмаған. Оған тек үлкен жолға жақын үйлерде тұратын балалар ғана мініп жатыр.

Сержан Дәулетов, автобус жүргізушісі:

Жаңбырда баттым. Өзім су-су, балшық-балшық болдым. Әйтеуір, жігіттер трактормен келіп, екі сағаттан кейін алып шықты.

Ауылда 90 шаңырақ бар. Тағы жүзден астам үй салынып, дайын тұр. Иелері елді мекенге жол мен судың келуін күтіп, көшіп келе алмай отыр екен. Қазір мұнда су құбыры тартылып жатыр. Әлі күнге дейін көмілмеген осы арықтар жағдайды одан әрі қиындатып жіберген. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

Асланбек Шүйінішәлиев, Алматы ауданының әкімі:

Негізі бұл ауылдың орталық көшесіне де асфальтқа қаражат бөлініп тұр. Сол жұмыс және басқа көшелеріне де жоқ дегенде қиыршық тас төселеді. Ал, қазіргі таңда мектеп автобусын жүргізу үшін 300-400 метр жолға тас төсеу бүгіннен бастап қолға алынатын болады.

Ауылда жүзден аса оқушы бар. Тұрғындар мәселе тез арада шешілмесе, балаларымызды мектепке мүлдем жібермей қоямыз дейді. Ал, ауылдағы мына зәулім мектептің қашан қолданысқа берілетіні әлі белгісіз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу