2025 жылдан бастап шалғай жатқан ауылдар жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Ол үшін «Eutelsat-OneWeb» спутниктік жүйесі қолданылады. Алматыдағы «Көктөрек» ғарыштық байланыс орталығында спутниктік интернеттің жылдамдығы тексеріліп, техникалық тестілеу өтті. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевтің сөзінше, бұл жоба байланыстан ада, әлі күнге ғаламторға қосылмаған елдімекендерді тұрақты және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етеді. Әрі осы мақсатта әлемдегі ең сенімді, түрлі салада қолданылатын спутниктік байланыс таңдалып отыр. Станция тек Қазақстанды емес, бүкіл Орталық Азия аймағын қамтиды.
Жасұлан Мәдиев, Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Компаниялар, мобильдік операторлар қолданып, біздің азаматтарымызға сервис ретінде көрсете алады. Интернеттің сапасы төмен жерлер бар, мобильдік операторлармен бірге сигналды арттыру, базалық станцияларды орнату, осындай шараларды қолданып, интернет жақсарту үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Министрдің сөзінше, ғаламдық спутниктік жүйе ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісілген және елдің заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Осылайша тұрақты интернетті қосу ауыл халқының өмір сапасын жақсартып қана қоймай, білім беру және ақпараттық жүйелерді қолдануға мүмкіндік береді. Спутниктік интернет 2025-ші жылдың қаңтарынан бастап толық іске қосылады.
Ибраим Медеуов, жетекші инженер:
200 мб интернетке дейін береді. Инфраструктурасы дамымаған, оптика дамымаған жерлерге спутниктік жүйені орнатып, байланыс жоқ жерлерге орнатуға талпынамыз. Техникалық тұрғыдан дайынбыз.
Жазира Оразқызы