Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет. Президент бүгін Республика күні қарсаңында егемендік жылдары атқарылған шаруаларға тоқталды. Ел ішіндегі және сыртқы саясаттағы ахуалды баяндады. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.
1990 жыл. 25 қазан. Тәуелсіздігіміздің бастауы. Қазақстанның алғашқы декларациясы қабылданып, азаттықтың алтын қазығын қаққан күн. Президент ұлық мерекенің тарихи маңызына тоқталып, ширек ғасырда ел басынан өткен сын сәттерді де еске алды. Соның бірі - елді есеңгіреткен су тасқыны. 10 аймақта төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалып, мал-мүлкінен айырылды.
Президент: Су тасқынынан зардап шеккендер елеусіз қалмайды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2 700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді.
Бұл сынақтан өзара тілеулестік пен бірліктің арқасында сүрінбей өттік. Ал елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайды. Мемлекет басшысы бұл тұста шиеленіскен геосаяси ахуалдың кесірінен тоқырауға ұшыраған елдерді мысал етті.
Президент: Саяси реформалар арқылы мемлекеттің демократиялық дамуының жаңа бағдары айқындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде.
Ал конституциялық реформадан саяси жүйе өзгере бастаған. Негізгі институттар қайта құрылды. Ашықтық пен әділдікке басымдық берілді. Ал оның негізі - халыққа қызмет ету.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жақында өткен Атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның қорытындысы – соның жарқын дәлелі. Азаматтардың 70 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл халқымыздың тағдыршешті сәттерде өрлеу жолын таңдайтынын көрсетті.
Энергетика саласынан бөлек, көлік және индустрия жүйесі қайта құрылып жатыр. Президент биылдың өзінде ұзындығы 12 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатқанын еске салды. Батыс Қазақстаннан Ресей шекарасына дейінгі Кеңес заманынан бері қараусыз қалған жол биыл толық пайдалануға беріледі. Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминал ашылады. Сонымен бірге, жақында Бұқтырма су қоймасының екі жағасын жалғайтын ең ұзын көпір ашылды. Пароммен жүріп, әбден азапқа түскен жергілікті халық бұл нысанды 60 жылдан астам күткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осылайша, шекара маңындағы аудандар транзиттік аумаққа айналды, яғни Қазақстан арқылы Қытай мен Ресейді жалғайтын тағы бір төте жол пайда болды. Осы маңызды жоба Шығыс Қазақстандағы бірнеше ауданның көлік қатынасын едәуір жақсартады. Жалпы, сапалы жол – халықтың тұрмысына оң ықпал ететін фактор. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін.
Өнеркәсіп бағытында да даму бар. Биыл өңдеу өнеркәсібінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асқан. Оның үштен бірі – күрделі технологиямен өңделген өнім. Қазір 17 озық инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Бұл бағытта құны 2,6 трлн теңге болатын 865 жоба жүзеге асырылмақ.
Президент: Көктемгі тасқынға қарамастан 26 млн тоннадан астам астық жиналды
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналды. Мұны рекордтық көрсеткіш деуге болады. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген нақты көмек те септігін тигізгені анық. Биыл көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемі үш есе көбейді. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы алуға қосымша қаражат бөлінді.
Президент әлеуметтік сала әлеуетіне тоқталды
Мемлекет әрдайым әлеуметтік салаға басымдық береді. Биыл 115 жаңа медициана нысаны салынды. Дәрігерлердің құқығын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша заң қабылданды. «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. Соның арқасында 500 мыңға жуық бала мектеппен қамтылады. Ғылым мен білімнің сапасын жақсартуға бағытталған құжат бекіді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладық. Біз техникалық және кәсіптік білім беруге баса мән беріп отырмыз. Биыл осы салаға арналған мемлекеттік тапсырысты едәуір көбейттік. Грант санын 10 мыңға арттырдық. Мемлекеттік тапсырыстың 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді.
Президент: Дүниежүзі қауымдастығы елімізді орта держава деп атайды
Сыртқы саясаттағы ахуал елдің ішкі жағдайына да әсер етеді. Президент мұны ерекше атап өтті. Қазақстан биыл бірқатар халықаралық ұйымдарға төрағалық етіп, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазір дүние жүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар.
Президент: Ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік
Егемендік алу бір бөлек, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтап қалу одан маңызды. Осы тұста Мемлекет басшысы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтті. «Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс», - деді президент. Ал бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануы қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі.
Айя Мүтәлі, тілші:
Ал тұтастық пен дамудың түп тамыры отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан басталады. Президент бұған да тоқталды. Заң мен тәртіп үстемдігі де маңызды. Сондай-ақ, көк паспортымыздың беделін одан ары арттыру үшін ынтымағы берік ел болуға шақырды.
Айя Мүтәлі