Қазақ-өзбек шекарасында контрабандалық жолмен дәрі тасымалдау тыйылмай тұр. Түркістан облысымен шектесетін «Гишткуприк» кеден бекетінде 15 миллион сумның дәрі-дәрмегін алып өтпек болған екі адам құрықталды.
Оларды тексеру кезінде киім ішінен 724 дана препарат табылды. Пысықайлар оны денесіне жабыстырып алған. Күмәнді дәрілердің қайда өндірілгені тексеріліп жатыр. Тауар кедендік декларацияда көрсетілмеген. Артынша дәл осы бекет арқылы 4 келіден аса синтетикалық есірткіні «ауа компрессорына» тығып өткізуге әрекеттенген күдікті ұсталды.
Қазақстаннан өзбек еліне қарай келе жатқан азаматтың қол жүгін тексерген кеденшілер полиэтилен пакеттерге оралған 9 дана өткір иісі бар ұнтақты тапты. Зертханалық сараптама қорытындысына сай салмағы 4,3 келі болатын зат «Мефедрон» синтетикалық есірткісі екені анықталды. Қазір осы екі дерекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Базаркүл Отыншиева