Республика күні қарсаңында денсаулық сақтау саласының майталмандары марапатталды. Бірінші дәрежелі «Барыс» ордені халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы Вячеслав Локшинге табысталды.
Салтанатты кеште медицина саласының үздіктері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және тағы да басқа мемлекеттік, ведомстволық наградалармен марапатталды. Елімізде ұлт саулығын сақтау мен нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың саны 272 мыңға жуықтайды. Оның 80 мыңнан астамы – дәрігер.
Осы мамандардың талмай еңбек етуі мен жоғары біліктілігі мыңдаған адамның өмірін сақтап келеді. Оған қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығының ұзаруы дәлел. 1997 жылы бұл көрсеткіш орташа есеппен 64 жас болса, былтыр 75 жасқа жетті.
Өлім-жітім 26 пайызға азайған. Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігерлеріне құрмет көрсетілді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет мұндай құрметті атаққа жоғары білікті гематолог Вадим Кемайкин, жоғары санатты хирург Борис Цхай және Дүниежүзілік денсаулық сақтау саласының үздігі Абай Байгенжин лайық деп танылды.
Абай Байгенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ Бас директоры:
Шын айтсам, бұл - мен үшін ерекше марапат. Өйткені менің дәрігерлік стажым - 54 жыл. Соның тең жартысында хирург болып істедім. Ал қазір үлкен мекемелерді басқарамын. Алматыда диагностикалық орталықтың салынуына мұрындық болдым, кейін соны басқардым. Бұл марапат жалғыз менікі ғана емес ұжымдық еңбектің жемісі.
Қаракөз Тұрмағанбет