Елімізде ұлттық мейрам Республика күніне арналған мерекелік шаралар басталып кетті. Бүгінде әр өңірде патриоттық акциялар, ұлттық дәстүрді дәріптеуге бағытталған флешмобтар өтіп жатыр. Аймақтардағы игі істерді рет-ретімен тілшіміз Әділбек Серікұлы айтып берсін.
Сыр жастары патриоттық акцияны бастады
Қызылордада белсенді жастар әсем ғимараттарға еліміздің көк байрағын іліп, қалада мерекенің лебі сезіліп тұр. Мемлекеттік рәміздер Егемендігіміздің басты нышаны. Осылайша сырбойылық жастар «Менің туым, менің елім» республикалық акциясын бастап, қазақстандықтарды патриоттық акцияға белсенді атсалысуға шақырды.
Қорған Өтегенов, белсенді жас:
Облысымыздың белсенді жастары атсалысып, кәсіптік нысандарда және оқу орындарында туларымыз ілінген болатын. Өз кезегінде жастар орталығы осы акцияны қолдап, ғимаратымыздың сыртына көк туымызды ілдік. Осы тулар мереке күндері ілініп тұратын болады.
Студенттік бизнес орталығы мен спорт алаңы ашылды
Ал Оралда мереке қарсаңында мыңнан аса жас білім алатын аграрлық колледжде жаңа спорт алаңы мен студенттік бизнес орталығы ашылды. Бүгінде оқу орнының озат шәкірттері керамзит кірпішін өндіру, ауылшаруашылығы дәрумендерін шығару, ұлттық нақыштағы киім-кешек тігу сынды 7 жоба ұсынып отыр. Талапты жастар кәсіпкерлік бастамаларын «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында грантқа ұсынған.
Бағида Сарбалин, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Студенттік орталықтардың мақсаты - студенттерге болашақта кәсібінің табысын табуға, мысалы, бір бағыттағы іске қызығушылық танытса, соны коммерцияға айналдыру мақсатында бизнес жоспарларын құруға көмектесу, жетелеу.
Тұрғындар ұлттық киіммен мерекенің көркін қыздырды
Ақтаулықтар ұлттық киіммен мерекелік шеруге шықты. Каспий теңізінің жағалауында болған патриоттық шараға 500-ге жуық тұрғын қатысты. Зейнеткерлер бастаған шеруге мекеме қызметкерлері мен ұлттық киім дизайнерлері де атсалысты. Сондай-ақ жағалауда балалар ұлттық ойындар асық ату, тоғыз құмалақ және арқан тартудан жарысып, мәре-сәре болды.
Әділбек Серікұлы