120 жылдық тарихы бар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы да, үздіктерін марапаттады. Соңғы 30 жылда елімізде 2,5 мың шақырым теміржол салынды. 2030 жылға дейін тағы 5 мың шақырым жол салынып, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бүгінде «Достық-Мойынты», «Дарбаза-Мақтаарал», «Жетіген-Қазыбек» теміржол желілерін салу бойынша ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып жатыр.
Астанаға үздік теміржолшылар жиналды. Әр өңірден келген шойынжолдың шеберлері Республика күнін мерекелеу қарсаңында мемлекеттік наградалармен марапатталды. Салтанатты жиынға көлік министрі Марат Қарабаев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығы қатысты.
Алма Сәулебаева, Адами ресурстарды басқару департаментінің HR бизнес серіктесі:
Теміржол саласында да жаңадан шыққан марапаттар бүгінгі мерекеде тапсырылады. Соған біз өте қуанамыз. Ең үздік байланысшылар, жолсеріктер, вагоншылар, әр маман бойынша үздіктерді таңдап, соларға арнайы марапат табысталады.
Атап айтқанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы корпоративтік наградалар тізімін I, II, III дәрежелі «Теміржол даңқы» медалі, «Теміржол саласында 10, 20, 30 жыл қызметі үшін», «Локомотивте апатсыз 500 000 шақырым, 1 000 000 шақырым», «Үздік жас маман», «Үздік теміржол ұжымы» сынды төс белгілер мен құрметті атақтар толықтырған. Соның бірі Ақтөбеден келген теміржолшы Асан Балжігітовке берілді.
Асан Балжігітов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалының II топ шебері:
Теміржолда істегеніме 41 жыл болды. Теміржолдың құрметті медалін иелендім. 41 жыл істеген еңбегіме алғаш рет марапат беріліп жатыр. Қазақстанның темір жолы өркендей берсін, келіп жатқан мерекеміз құтты болсын дейміз.
Мереке қарсаңында бас-аяғы 4 000-нан астам жұмыскер марапатталды. Тіпті сала ардагерлері де назардан тыс қалмаған. Маңғыстаулық зейнеткер осы марапаттың арқасында бас ғимаратты бірінші рет көріп тұрғанын айтады.
Балибек Есенгелдиев, зейнеттегі теміржолшы:
Бекетте 20 жылдай жұмыс істедім. Республика күніне байланысты Астанаға келіп «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып жатырмын. Мені марапаттайды деп ойламаған едім. Қуанып тұрмын.
Ұлттық компания «2023 жылы табыс көлемін 2 трлн теңгеге жеткізген. Бұл 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіш. Мұндай жетістікте қарапайым еңбек адамдарының үлесі зор»,- дейді компания өкілдері. Сол үшін қатардағы қызметкерлер қашанда құрметке лайық болмақ.
Серік Жұмабек